Қарағандыдағы зауыт өнімнің 95% экспортқа шығарып отыр

Ел бойынша иректелген болат пен арнайы темір түрін шығаратын жалғыз зауыт Қарағандыда орналасқан. 

Жергілікті кәсіпкер 2017 жылы өз күшімен Қытайдан инвестор тартып, ірі жобаны іске асырды. Қаңырап қалған кәсіпорынды сатып алып, тамырына қан жүгірткен ол бүгінде өнімнің 95 процентін экспортқа шығарып отыр.

Болат қайнауда шынығады. Оны осы компанияда анық байқауға болады. Көлемі 10 тонна болатын электр пештің 5 данасы бар. Кәдімгі қара металды қабылдап, одан дайын өнім шығарады. Кейін құрылыс пен өндірістің әр саласына қажетті металл жасауға болады. Өндірісте қауіпсіздік техникасы ең басты талаптың бірі.

Қонысбай Омарбеков, техникалық қауіпсіздік инженері:
- Әр саты өскен сайын модернизацияда өсіп, жаңартыла береді. Адам қолымен істелген қара жұмыстың барлығы техникамен алмастырылып, замануи жұмыс істеліп келеді. Соның арқасында 3 жылда зауытта оқыс жағдай тіркелген емес.

Асқар Оразбеков 2010-2014 жылдар аралығында Қытай мен Оңтүстік Кореяның ЭКСПО көрмелерінде жұмыс істеді. Сол жерде жүріп-ақ шетел кәсіпкерлерімен танысты. Қазақстанның инвестициялық климатын насихаттады. Металлургиялық зауыт Қытай инвесторларымен бірлескен жоба болса, алда Корей инвесторларын да елге тартып, ауқымды жұмыс атқару жоспарында бар. 

Асқар Оразбеков, металлургиялық зауыттың құрылтайшысы:
- «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, ең бастысы сол еңбек ету керек. Ең бастысы өз салаңда маман болу керек деп ойлаймын. Болашақта біз тағы да жаңа өнімдерді шығарамыз. Ол арматура, катанка дейді. Сол жаңа линейка шығаруды жоспарлап отырмыз.

Зауыттың ауданы 20 гектар болса, құрылыс алаңы 40 мың шаршы метр. Қазір оның басым көбі дайын өнімге толып тұр.

- Біз шығаратын өнімдер осында орналасқан. Жалпы жылына біз 50,51 мың тонна шығарамыз. Загатовканың 95 пайызы экспортқа кетеді. Оны Өзбекстан мен Қытайға жібереміз.

Зауытта қазір 180 адам жұмыспен қамтылған. Олардың 65-іне зауыт маңынан жатақхана салыныпты. Біраз жұмысшы осында тұрақты жатып жұмыс істейді.

Асқар Оразбеков, металлургиялық зауыттың құрылтайшысы:
- Кейбірінікі жатақхана, кейбірі гостиница сияқты. Ішінде барлығы толығымен ұйымдастырылған.
- Бізде осындай үлкен кәсіппен айналысу үшін жақсы ағасы болу керек, көмекшісі болу керек деген түсінік бар. Сізде бұл тарапта қалай?
- Менің әкем еңбегі сіңген құрылысшы. Анам мәдениет министрлігінде істейді. Ал бизнес менен басталады. Үйде біз екеу ғанамыз. Інім екеуміз. Інім сценарист.

Асқар Оразбеков қазақ, қытай, ағылшын және орыс тілін еркін меңгерген. Облыстық мәслихаттың депутаты, жастар кеңесінің төрағасы. Ол оқуда озат жастарға өз атынан грант бөледі. Білімі мен қабілетінің арқасында оған шетелдің беделді компанияларынан талай ұсыныс түскен. Бірақ ол өзінің туған жерінде еңбек етуді қалайды.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар