Білім беру ұйымдарына «ақылды жобалар» енгізілді

Шымкенттегі білім беру ұйымдарында «Ақылды асхана» жобасы сәтті сыналды.

Жоба жетекшілерінің айтуынша қызмет көрсетуді жетілдіріп, электронды төлем жүйесіне ауысудың тиімділігі көп. Бұдан былай ата-ана баласының қауіпсіздігін бақылап, мектепке келіп-кеткенін де мобильді қосымша арқылы қадағалай алады. Педагогтардың дәстүрге айналған тамыз кеңесі цифрлық технологияларға арналды.  

Конференцияға келген қауымға жаңа оқу жылында қолданылатын цифрлық жаңашылдықтар таныстырылды. Көрмеде Сейдулла Исмаилов төлем жүйесінің жетілдірілген нұсқасын ұсынды. Бұдан былай әрбір оқушыға қоғамдық көлікте қатынауға берілген карталар мектептегі турникеттерге қолданылып, ыстық тамақпен қамтуды тіркейтін болады.

Сейдулла Исмаилов, компанияның атқарушы директоры:
- Ата-аналар өзінің баласының әр қадамынан хабардар болып отырады. Өзіміздің мобильдік қосымшамыз бар ғой. Сол қосымшада push хабарлама алады. Білім басқармасымен және ата-аналар комитеті бар, оқушылар бар бізде. Олардың ойларын тыңдадық. Оларға не қажет екенін білдік.

Жоба жетекшілері оқушы қауіпсіздігіне жасалған жүйенің сыбайластықтың алдын алып, ашықтықты қамтамасыз ететінін айтады. Білім басқармасы цифрлық технологияны қолдады. Әзірге жаңашыл жүйе білім беру мекемелерінің 50 % енгізілді.

Жанат Тәжиева, қалалық білім басқармасының басшысы:
- Шымкентте білім саласында жалпы 33 мемлекеттік қызмет болатын болса, қаламызда оның отызын цифрландыруға көшірдік.

Яғни оқушыларды кезекке қою, мұғалімдерді жұмысқа қабылдау, мектеп директорларын таңдау мен құжаттама ісі автоматтандырылған жүйеге көшірілді. Бірақ әлі де баланың білім алуын оңтайландыру қажет.  

Айбат Ілиясов, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:
- Президенттің тапсырмасы бойынша білім беру жүйесіне инновациялық тәсілдер енгізілуде. Осыған орай министрлік тарапынан әдістемелік ұсыныстар әзірленді. Ол оқу үрдісіне озық цифрлық технологияларды пайдалану. Сәйкесінше мұғалімдердің біліктілігі мен дағдыларын арттыру.

Жүздеген мұғалімнің екі күнге жоспарланған тамыз кеңесі өткен оқу жылындағы олқылықтарды талқылап, жаңа міндеттер жүктейтін сәт. Ертең пленарлық отырыста цифрландыру, ұлттық білім берудегі деректер, мектептердегі интернет мәселесі қаралады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов