Қазақстанның автокөлік одағы саланы дамытады

Еліміздің автокөлік нарығындағы көшбасшы компаниялар бір одаққа бірікті.

Енді «Қазақстанның автокөлік одағы» - отандық автоиндустрияның дамуына ықпал етпек.

Бүгінде Қазақстанның автокөлік нарығы - экономиканың ең серпінді дамып келе жатқан секторларының бірі. Өнеркәсіптің өркендеуінде жергілікті өндірістің үлесі басым. Десек те, Үкімет тарапынан отандық кәсіпорындарда жергіліктендіруді арттыру талап етіледі. Ал бренд иесінен қандай да автобөлшекті шығаруға рұқсат алу оңай емес. «Бұл ретте одақ көмекке келеді», - дейді қатысушылар.

Қыдыролла Жұмағұлов, «СемАЗ» ЖШС басшысының орынбасары:
- Жаңа цехтарды ашпақшы болып отырмыз. Оған қосымша біз жаңа проектке тапсырыс бергізіп, шетелден рұқсат алып, жаңағы компонетті шығаруға дайындалып жатырмыз. Сол жағынан одақтың көмегі өте қажет болып шығады.

Бұл одақ жұмысының бір бағыты ғана. «Бұдан бөлек қазақстандық автокөлікті арзандату, автокөлік жасау саласында жаңа жұмыс орындарын ашу, өнеркәсіпті оңтайландыру сияқты нақты мақсаттарға басымдық беріледі», - деді Қазақстанның автокөлік одағының президенті Анар Мақашева.  

Бекнұр Несіпбаев, «Астана Моторс» компаниясының бас директоры:
- Жас кәсіпкерлер және де шетелден келген инвесторлар осы одақ арқылы ақпарат алады және қай зауытқа қандай қосалқы бөлшектер шығаруға болады? Қандай көмек керек екен? Соның бәрін ала алатын болады. Сондықтан осы одақтың негізгі мақсаты – осы қазақстандық өнеркәсіпті дамыту.

Автокөлік саласындағы мамандандырылған қауымдастықтарды біріктіретін одақ тиімді жұмыс істеуге жол ашады. Диллерлердің, өндірушілердің, автобизнес өкілдерінің және ортақ мүддеге жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев