Ұлытаудағы Қаражал қаласына 60 жыл толды

Ұлытау облысында тіршілігі тек өндіріске тәуелді моноқалаларды жан-жақты дамыту ісіне басымдық берілген.

Қаражал қаласында қолға алынған жұмыстар соның айқын дәлелі. Шағын шаһарда биыл 19 көшенің жолы жөнделіп, 40-тан астам аула абаттандырылды. Бұл – қазыналы өңірде жүзеге асқан жұмыстардың бір парасы ғана. Алдағы жоспарлар бұдан да ауқымды. Ол туралы қаланың 60 жылдығына арналған салтанатты шара барысында айтылды. 

Қойнауы кенге толы Қаражалдың тарихы өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастау алады. Темір-марганец өндіретін елдімекеннің қала мәртебесін алғанына биыл 60 жыл. Тоқырау кезінде тұрғын саны еселеп азайған қаланың қазір шаруасы түзу. Жергілікті тұрғындар «Қаражалдың екінші тынысы ашылды» дейді. 

Мешітбай Омаров, Қаражал қаласының құрметті азаматы:

- Осы уақытқа дейін алып біткен рудамыздың 3-тен бірін ғана алдық.3-тен екісі жердің астында жатыр. ең керегі 2200 метрде. Оның бәрі келешекте халықтың игілігіне жарайды деген үміттеміз. Қаланың өсуіне де, инфрақұрылым өседі, онда қалада 42 мың тұрғын болады. Қазіргі уақытта тек 12 мың. 

Қалада тозығы жеткен инфрақұрылым жаңартылып жатыр. Кезінде қаңырап бос қалған үйлер қалпына келтіріле бастады. Тек биылдың өзінде 40-қа жуық ойын және спорт алаңы орнатылды. Көшелерге асфальт жол төселіп, 20-дан астам аулаға жарық тартылды. 

Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:

- Ұлт болашағы балаларымыз екені белгілі. Бұл тұрғыда қаладағы білім ошақтары да ескерусіз қалған жоқ. Атап айтар болсақ, осы уақытқа дейін 7, 3-мектептер, стадион жаңартылып, спорт залдары жылумен қамтамасыз етілсе, алдағы жылда жаңа мектептің құрылысы басталмақ. 

Қаражал тұрғындары қаланың 60 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. 50-ден астам киіз үй тігіп, ұлттық спорттың бірнеше түрінен сайыстар ұйымдастырылды.  Мерекелік шара қаланың орталық алаңында өткен гала-концертпен түйінделді.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева