Семейде дәстүрлі бейбітшілік акциясы өтті

Семейде дәстүрлі «Бейбітшілік акциясы» өтті.

Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 32 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға биыл шет елден де қонақтар келді.  

Бейбітшілік аралында өткен жиынға «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы, «Полигон 21» комитетінің белсенділері, жергілікті билік өкілдері мен мыңға жуық қала тұрғындары қатысты. «Өлімнен де күшті» монументіне гүл шоқтарын қойып, ядролық сынақ құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. 

Шалқар Байбеков, Абай облысы әкімінің орынбасары:

- 32 жыл бұрын біз бүкіл әлемге бейбіт өмірдің жарқын үлгісін көрсеттік. Ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тарттық. Алайда полигон жаңғырығы әлі де халық жадында ,тарихи деректе, баспасөз беттерінде ауық-ауық көрініс табады. Саяси мелитористік бәсеке жолында жазықсыз жапа шегіп, құрбан болған жерлестерімізді асқан рухы алдында басымызды иіп, тағзым етеміз. 

Дәстүрлі шараға Жапонияның ядролық сынақ зардабын тартқан шаһары Хиросима қаласының ғалымдары да арнайы келіпті.  

Норюки Кавано, Хиросима университетінің профессоры:

- Хиросима, Нагасаки мен Семей - бауырлас қалалар. Тағдырлас шаһарлар. Полигонның адамдарға әлеуметтік және психологиялық тұрғыдағы әсерін зерттеу үшін 20 жыл бұрын Семейге келгенмін. Зерттеу қорытындысын жариялауға әлі де уақыт қажет. 

Сұлтан Картоев, "Невада-Семей" қозғалысының вице-президенті:

- Бүгін еліміздің тұрғындары үшін, Абай облысының тұрғындары үшін қуанышты әрі қамырықты күн. Қуаныштысы, ядролық аждаһадан құтылдық. Полигонды жаптық. Өкініштісі, бір жарым миллион адам зардап шекті. Үш жүз мың шаршы метр аумақ радиацияға ұшырады.  

Айта кетейік, 1949-1989 жылдары Семей полигонында 500-ге жуық ядролық сынақ жүргізілді. Ғалымдардың болжамынша, жарылыстан 1 жарым миллионнан астам адам зардап шеккен.

Азамат Қасым, Медет Өмірханов