Биыл еліміздің Ата заңына 28 жыл

Бұл жылдар ішінде Қазақстан дүниежүзі танып, мойындаған елге айналды.

Ал былтыр жалпыхалықтық референдум арқылы Конституциялық реформа жасалды. Құжатқа маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заңға енгізілген түзетулер Президент, Парламент және сот институттарын реформалауды көздеді. Мәжілістің ішінде жаңа партиялар құралып, саяси күштерге бірдей мүмкіндіктер берілді.

Елдің Ата заңы – мемлекеттің саяси, құқықтық және экономикалық негіздерін айқындайтын басты құжат. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы 28 жылда бірнеше рет өзгертілді. Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы қабылданды. Ал екі жылдан кейін Ата заңның жаңа нұсқасы қолданысқа енгізілді.

Ерлан Ахмеди, саяси сарапшы:
- Еліміздің тарихы өте тереңнен тамыр тартады. Қазақ хандығының кезінде заңдар жинақтары болды. Әрине Тәуелсіздік жылдары қабылданған Конституцилар біз үшін ерекше болып табылады. Заман өзгеріп жатыр. Біз жаңа бағыт, жаңа даму жолын іздеп жатырмыз. Сондықтан да қазіргі Конституцияға өзгерістер енгізілген болатын. Бұл өзгерістердің негізгі мақсаттарының бірі – қалыптасқан «Супер Президенттік» басқару моделінен «Классикалық Президенттік» республикаға көшуі, сонымен қатар Парламенттің құзыретін күшейту.

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен конституциялық реформа қолға алынып, халқымыздың басым бөлігінің қолдауымен заңға маңызды өзгерістер енгізілді. Конституциялық реформа қалыптасқан саяси-құқықтық жүйемізді трансформациялауға негіз болды. Ең бастысы, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын негіз қаланды. Бастысы - халықтың уәжін жан-жақты сараптайтын Конституциялық сот құрылды. Оған бүгінге дейін азаматтардан 3 жарым мыңға жуық өтініш түсіп, 10-нан астам нормативтік қаулы қабылданған.

Рамазан Сәрпеков, ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры:
- Конституциялық сот халықтың мүддесін, халықтың алда тұрған мақсатын, мұқтажын ақтай ма деген сеніммен құрылған дүние. Оның ерекшелігі әрбір Қазақстан азаматы Конституциялық сотқа менің мына жерде мүддем бұзылды, менің бостандығыма, кепілдігіме кесірі тиді, сол бойынша жүгінуге құзыры бар. Әділетті қоғамды құрамыз дейтін болсақ, бізді қолдайтын да, қорғайтын да, бізді алға алып жүретін де заң болу керек. Ал заңның бізде ең үлкені - Конституция.

Жаңа нормалардың барлығы қаңтар айынан бастап рет-ретімен іске асырылып жатыр. Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқару құқығынан айырылды. Депутаттарды сайлау жүйесі де өзгерді.

Алма Мұқанова, ҚР Әділет вице-министрі:
- Саяси реформаларға келетін болсақ, ол қазіргі істеп жатқан 8-ші шақырылымның Мәжіліс депутаттарының өткен сайлауында жаңа жүйе бойынша сайлануы. Қазіргі таңда 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық жүйе бойынша сайланған болатын. Бұл реформалар бұдан әрі жалғасатын болады.

Осылайша Ата Заңымыз бүгінде халықтың құқы мен бостандығын қорғап, ел ішіндегі біртұтастықты қалыптастырып отыр. Бұдан бөлек, жер және жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі делінген. Ал мемлекет халықтың атынан меншік құқығын іске асырады. Жаңа Қазақстан осылайша тірегі мықты жаңашылдығы мол заңға бағынбақ.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Арман Ақшабаев