Ертіс өзеніне бекіре балығы оралды

Ертіс өзеніне бекіре балығы қайта оралды.

Бүгін Абай облысы арқылы өтетін ең ірі су қоймасына 3 мыңға тарта шабақ жіберілді. Биолог мамандардың айтуынша, бұл шараның ихтио фаунаға әсері мол.

Сібір бекіресінің дәл осы Ертіс өзеніне жіберілуі бекер емес. Мамандар бұл жер олардың тарихи мекені екенін айтады.  

Талғат Рахымжанов, Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының м. а:

- Бұл жердің таңдалу себебі институт мамандарымен зерттей келе осы жердегі қыстық қалу шұңқырларының орындары бар. Бұл ең бір маңызды орындардың бірі болып саналады. Сондықтан ары қарай іс шараны жыл сайын жалғастырып отырсақ.

Ерлан Сағидолдин, "Ostfish" ЖШС бас директоры:

- Ата заңымыз Конституция күні қарсаңында және Абай облысының құрылуының 1 жылдығына құрметіне біздің мекеме осы Ертіс өзеніне Сібір бекіресін балықтандыру іс шарасын өткізіп жатыр  Бұл алғашқы шара болғандықтан және бұның нәтижесі көп болсын деп үлкен-үлкен, 80-100 грамм шамасындағы  шабақтарды әкеп балықтандырдық. 

Абай облысында балық шаруашылығын дамытудың әлеуеті зор. Өңірде халықаралық және республикалық маңызы бар өзен- көлдерден бөлек қырыққа жуық су қоймасы бар. 2023 жылдың алғашқы айларында аймақта 20 тонна балық өсіріліпті. 

Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:

- Мысалы, биыл облысымызда балық шаруашылығы бағытында бірнеше жобалар іске асырылды. Ол Көкпекті ауданының Тассай ауылында балық өңдеу цехы, Ақсуат ауданының Ақсуат ауылында заманауи технологияларды қолдана отырып осы форель шаруашылығы ашылды. 

Ертіс өзеніне балық шабақтарын жіберу жаңадан құрылған Абай облысында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл шара алдағы уақытта жүйелі түрде жалғасады.

Азамат Қасым, Медет Өмірханов