Ұлытауда мемлекеттік рәміздер алаңы салынады

Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында мемлекет басшысы рәміздер алаңын салуды тапсырған болатын. 

Президент тапсырмасы алдағы жылы жүзеге асатын болды. Қазір рәміздер алаңының эскизі бекітіліп, тиісті конкурстық жұмыстар жүріп жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Конституция күніне арналған салтанатты шарада айтты.

Ұлытау күллі түркі халықтары үшін қасиетті мекен. Қазақ мемлекеттігінің қалыптасу орталығы. Жошы құрған Алтын орданың астанасы да осында орын тепкен. Бүгінге жеткен тарихи жәдігерлердің көбі әлі де толық зерттелген жоқ. Сондықтан, жергілікті билік өңірді туризмнің орталығына айналдыру бағытында жұмыстарды қолға алды.  Ұлттық рәміздер алаңы туристерді тартатын бірденбір орынға айналмақ.   

Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:

- Әртүрлі эскиздерді қарастырдық. Оны Астанада бекітіп, қазір конкурс ұйымдастырдық. Ендігі жылы осы рәміздер күнінде ашу жоспарда. Биыл құрылыс жұмыстары басталады. 

Салтанатты шарада өңірдің  белсенді тұрғындары мен мемлекеттік қызметшілерге облыс басшысының құрмет грамотасы мен алғыс хаттары табысталды.  Марапатқа ие болған азаматтардың бірі колөнер шебері Гүлғайша Әуезова. Ол "Аламан құрақ" патриоттық акциясының қатысушысы. Гүлғайша еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған  әріптестерімен бірге  500 метр құрақ көрпе құраған болатын.  Бұл оқиға Қазақстанның рекордтар кітабына жазылған. 

Гүлғайша Әуезова, қолөнер шебері:

- Ұлттық өнерге өзім бала кезден әуеспін. Енді, айналысып жүргенімен осыдан екі жыл бұрын 21-ші жылы «Атамекен» бизнес палатасынан грант ұтып алып, соған 2-3 тігін мәшинесін сатып алып, осы уақытқа дейін құқақ құрап ұмытылған дәстүрді жалғастырып осы қолөнермен айналысудамын.  Бүгін облыс әкімінің Алғыс хатын алғаныма өте қуаныштымын. Барлығына рақмет. 

Марапаттау шарасы мерекелік концертпен жалғасты.  Облыстық филармония әртістері патриоттық әндерден шашу шашты. Өнерпаз жастар мен ұлт аспаптар оркестрі өнер көрсетті. 

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева