Әлихан Смайылов: 10 мыңнан астам азамат банкроттық рәсімін пайдаланды

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысына қатысты.

Ол жиын барысында Президенттің бұған дейінгі жолдауларының қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.

Еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін назарға ала отырып, теміржол саласында ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Мысалы, қазірдің өзінде «Достық-Мойынты» жобасының құрылысы жүргізілуде. Жоба осы учаскенің өткізу қабілетін 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді. «Бақты-Аягөз» теміржол учаскесін салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін тағы да 20 млн тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Биылғы жылы 1,3 мыңнан астам километр темір жолды жөндеу жұмыстары жүргізіледі – дейді Әлихан Смайылов.

Ол Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту және оның «тар» жерлерін жою бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын айтты.

2025 жылға қарай Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілеті жылына 6-дан 10 млн тоннаға дейін ұлғайтылатын болады – деді ол.

Мемлекет басшысының үнемді және жауапты жаңа бюджеттік саясатты әзірлеу бойынша тапсырмаларын орындау аясында да біраз іс-шара жүзеге асырылды.

Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейту мақсатында трансферттерді алып қоюды және бюджет шығыстарының ұлғаюын шектеу жөніндегі жаңа қағидалар енгізілді. Бұл, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» бастамасының енгізілуіне байланысты аса өзекті болып отыр. Бұл жоба жинақталған қаржыны 18 жасқа толғаннан кейін білім алуға немесе тұрғын үй сатып алуға пайдалана алатын 6,7 млн баланы қамтиды – дейді Үкімет басшысы.

Соңғы 4 жылда бюджет шығысын оңтайландыру есебінен 4,7 трлн теңге басқа басым міндеттерге бағытталған.

Осы кезеңде салықтық және кедендік  әкімшілендіруді жақсарту мен цифрландыру есебінен республикалық бюджетке қосымша 2 трлн теңгеден астам қаржы түсті. Жергілікті бюджет нығайтылды. Шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын беру түсімдерді 480 млрд теңгеден 1 трлн теңгеге дейін – яғни 2 есеге ұлғайтты. Өндірушілер мен сатушылардың қосымша маржасының бір бөлігін алу үшін бензин мен дизель отынына акциздер көтерілді. Бұл 2022 жылы жергілікті бюджеттерге 162 млрд теңге көлемінде қосымша түсімдер алуға мүмкіндік берді – деді Премьер-министр.

Тау-кен секторында пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық мөлшерлемелері ұлғайтылды.

Нәтижесінде, осы салық бойынша түсімдердің өсуі ағымдағы жылдың 7 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 320 млрд теңгені құрады. Бұл ретте осы саладағы жаңа жобалар үшін ынталандыру шаралары көзделген. Жаңа жобаларды игеру кезінде 5 жылға дейін өндіру салығынан босату қарастырылған. Сонымен қатар, салық жеңілдіктерінің тиімділігін талдау жөніндегі тапсырма шеңберінде дивидендтерге арналған жеңілдік жойылды – дейді Әлихан Смайылов.

Осы жылдан бастап жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жұмыс істей бастады.

Бүгінгі таңда 10 мыңнан астам азамат соттан тыс банкроттық рәсімін пайдаланды. Бұл олардың қарыз жүктемесін және қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті азайтуға мүмкіндік берді. Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі жұмысты күшейту мақсатында тиісті заң қабылданды – деді ол.

Бүгінгі таңда Демонополизациялау жөніндегі комиссия жұмысының нәтижесі бойынша 16 компанияның акциялар пакеті мен қатысу үлесі, 7 ғимарат, 160 теміржол мен нысан, сондай-ақ ақшалай қаражат мемлекеттік меншікке қайтарылды.

Жалпы, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл бойынша қабылданған шаралар соңғы 4 жылда көлеңкелі экономиканың үлесін 27%-тен 19%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік берді – деді ол.