Бестөбе және Адай ауылдарына су желісі тартылып жатыр

Қостанай облысының Бестөбе және Адай ауылдарына орталықтандырылған су желісі тартылып жатыр.

Екі жылдық жоба биыл қараша айында аяқталуы тиіс. Алайда тапсыру мерзімі созылып кетуі мүмкін. Құрал-жабдықтар бағасының қымбаттауы мердігер жұмысын тұралатқан.

- Мына жерде тұрады ванна. Жолдарын дайындап қойдым Ана жерде жуынатын жер. Мына жерге ваннаға келеді.

Адай ауылының тұрғыны Тотай Дәулетов су желісін үйге кіргізіп, қол жуғыш, ванна орындарын анықтап қойған. Магистарлды құбыр тартылса, қосып алуға дайын. «Осындай өркениеттің игілігіне қол жеткізсек, ауылымызда халық саны көбейіп, жағдайымыз жақсарар еді», - дейді зейнеткер.  

Тотай Дәулетов, Адай ауылының тұрғыны:
- Былай ауылда жақсы. Мал ұстайды адамдар, Шөбін береді, жемін береді. Қазір енді су тартып жатыр. Енді адамдар кеткендері келіп жатыр. Газ береді дейді, су болады. Енді бәрі жақсы болатын шығар.

Аудан орталығы Қамыстыдан бастау алатын ауызсу құбыры Бестөбе, Адай ауылдарын қамтиды. Жалпы ұзындығы 64 шақырым. Осы уақытқа дейін соның 50 шақырымы салынды. Бұл жобаның бір ерекшелігі бірден екі құбыр тартылып жатыр.

Артур Мартиросян, мердігер компания өкілі:
- Егер біреуінде ақау пайда болса, резервтегі екіншісін қосады. Магисталь бойында алты камера, сосын Адай мен Бестөбе ауылында да ашып, жабатын шүмекті құдықтар бар.  

Жоба бойынша өткен жылдың тамыз айында басталған құбыр тарту жұмыстары биыл қараша айында аяқталуы тиіс. Бірақ ол бір-екі айға созылуы мүмкін деген күдік бар. Мердігер құрал-жабдықтардың қымбаттап кеткендігін алдыға тартады. Бөлінген 1 миллиард 267 миллион тенгені аздық ететіндігін айтады. Сондықтан жоба құнын қайта қарауды сұрап, облыстық бюджеттік комиссияға ұсыныс жіберіпті.  

Алмат Елемісов, Қамысты аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Егер құрылыс материалдарының бағасы 10 процентке көтерілсе, мердігер жоба құнын қайта қарауды сұрап, өтініш беруге құқы бар. Соны пайдаланып отыр. Енді қандай да бір ұйғарым шығарылғанша, жұмысты тоқтата тұруы ықтимал. Сол себепті мерзімінен кешігуі ғажап емес.

Кейін сұрап білгеніміздей мердігердің өтінішін бюджеттік комиссия қанағаттандырмаған. Қосымша тым көп ақша сұраса керек. Бірақ аудандық әкімдіктегілер «жұмыс тоқтаған жоқ, арада келіссөздер жүріп жатыр», - дейді. Айта кетелік, Адай ауылына келер жылы газ тарту да жоспарда бар. Оның жобалық сметалық құжаты сараптамада жіберілген.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг