Түркістан облысы Ақдала ауылында мәдениет үйі ашылды

Ақдала ауылында 240 орындық мәдениет үйі ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл елді мекен Түркістан облысының Арыс қаласына қарайды.

Екіқабатты рухани орда заманауи үлгіде салынған. Аумағы – 1220 шаршы метр. Бірінші қабатында 240 адамға лайықталған көрермен залы, кітапхана, түрлі үйірме сыныптары бар. Оқу, демалыс залы, компьютерлік бөлме мен қызметкерлердің кабинеттері керекті жабдықтармен жарқталған. Тіпті мүгедектігі бар азаматтар үшін жедел саты жүйесі іске қосылған. Бұрын ауылда мәдениет үйі болмаған еді. Енді мектеп оқушылары бос уақытында осында келіп, үйірмелерге қатысады.

Айта кетейік, жақында Арыс қаласына қарасты Жиделі ауылында да жаңа мәдеиет үйі пайдалануға берілді. Қазір Дермене ауылындағы клубтың құрылысы жүріп жатыр. Келер жылы Қожатоғай мен Байтоғай елді мекендерінде де жаңа мәдениет ошағы салынады.

Жұмаділдә Қашымбетов, Ақдала ауылының тұрғыны:

- Аралап шықтық, кітапхана, домбыра, би үйірмесі, ән үйрететін бөлме – бәрі бар. Залы бар ауылдың ақсақалдары келіп, кітапханадан кітап алуға өте керемет. Халықтың бәрі келіп жатыр. Рақметін айтып жатыр.

Ғани Сауытбекұлы, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Құрылыс жұмыстары 2022 жылы тамыз айында басталды. Мерзімінде аяқталып, пайдалануға берілді. Жалпы жоба құны – 621 млн теңге. 1 айдың көлемінде мәдениет бөлімінің теңгеріміне беріп, 20 жуық тұрғынды жұмыспен қамтамасыз ететін болады.