Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған әулет

Елордадағы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары республикалық жарысқа дайындалып жатыр.

Бұл жолы қалалық кезеңге 210 отбасы өтінім берген. Бұл Астана қаласы үшін ең жоғарғы көрсеткіш. Байқауға көпбалалы, ерекше балалары бар отбасылар, ардагерлер, сондай-ақ еңбек адамдары және шығармашыл әулеттер қатысты. Отбасы мәртебесін көтеріп, қалалық деңгейде жүзден жүйрік шыққан Сәдуақасовтар әулеті жайлы келесі материалда.

Көрген көзді қуантып, бойға жылулық сыйлайтын мына бейнеүзік – Тишшан әжейдің 80 жас мерейтойынан естелік. Ұл-қыздары анасын ұлықтап, көпшілік алдында бірге ән шырқаған видеосы әлеуметтік желіде таралды. Дәл осы жылы көрініс Сәдуақасовтар шаңырағының «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауына қатысуына себеп болды.

Мейрамгүл Сәдуақасова, «Мерейлі отбасы» байқауының Астана қаласы бойынша жеңімпазы:

- Бір кісі маған хабарласып ұсыныс жасады. «Қатысқыңыз келе ме?» деп. Сосын шарттарын бәрін білдім. Үлкендермен ақылдасып, «сіздер көмектесіңіздер, мен барлық талаптарымен танысайын, осы жаққа қатысып көрейік» деп. Осыған дейін де кішігірім конкурстарға қатысып жүргенбіз. Енді бізге бір қиыншылық тудырады деп ойлаған жоқпыз. Сонымен қатысып кеттік.

Осылайша, Сәдуақасовтардың бабы мен бағы қатар шауып, бәйгеде үздік шықты. Астанаға Қарқалы өңірінен қоныс аударған әулет, үздік елордалық мерейлі отбасы атанды.

Сәдуақасовтар әулетінің отанасы Тишшан әжей өмірі тек адал еңбекпен өрілгенін айтады. Ордалы отбасының діңгегі болған марқұм Төкен Сәдуақасов аймақтың абыройлы азаматы еді. Бесоба округтық метеостанциясында табан аудармай 40 жылға жуық еңбек етті. Қазір Тишшан әже шаңырақтың ақылшысы, ұйытқысы болып отыр. Жұбайымен 60 жыл отасқан отбасында 12 бала дүниеге келген.

Тишшан Сәдуақасова, «Мерейлі отбасы» байқауының Астана қаласы бойынша жеңімпазы:

- Ол кісі үлкен отбасынан шыққан. 10 баланың ата-енесі болды. Ең үлкені менің ақсақалым болды. Артынан 9 бауыры болды, қарындастарымен. Ең үлкенімді 7 жылдан кейін көтердім. Алтынбек деген баламды. Одан кейін Алланың берген 11 балапаны ертіп әкелді жаңағы Алтынбегім.

Сәдуақасовтарды көпшілік «метеорологтар отбасы» деп таниды. Иә, оларды туған жермен байланыстыратын тағы бір дүние – мамандыққа адалдық. Өйткені, отағасы мен отанасы метеостанцияда ұзақ жылдар еңбек етті. Метеорологтармен қатар, полиция қызметкері, мұғалім мен дәрігерлер, музыканттар шықты бұл әулеттен.

Мейрамгүл Сәдуақасова, «Мерейлі отбасы» байқауының Астана қаласы бойынша жеңімпазы:

- Біз Астанаға арман қуып келдік. Балаларымның болашағы. Бұл жақта мүмкіндік өте көп. Сондықтан біз Астанаға ойланбастан көшіп келдік. Бұл жақта дамып жатырмыз. Балаларымыз осында оқу оқиды. ЖОО, мектептерде оқиды. Өзімнің өнер жолымды осы жақта дамыттым.

Ұл мен қызға ұлағатты тәрбие беріп өсірген ақ жаулықты ана 37 немере, 17 шөбере сүйді. Ата-ананың сеніміне селкеу түсірмей, үмітін ақтаған аяулы перзенттерінің қай-қайсы да бүгінде өнегелі отбасы атанып отыр. Сәдуақасовтар қалалық сында жеңіске жетті. Енді республикалық біріншілікке дайындалып жатыр.

Ғазиза Мұхамеджанова, Айнұр Маратқызы, «Хабар 24»