Қылмыспен күресте бейнекамералардың үлесі зор

Елордалық тәртіп сақшылар қала көшелеріндегі қауіпсіздікті 30 мың камера арқылы қадағалайды.

Мектептер мен балабақшалар да тұрақты назарда. Соның нәтижесінде жыл басынан бері 2 мыңнан астам қылмыс ашылды. Биыл көшедегі камера саны тағы бір мыңға көбеймек.

Жедел басқару орталығындағы жұмыс тәулік бойы толастамайды. Мамандар Астананың әр түкпірінде орнатылған 30 мың камераны назарында ұстауы тиіс. Бұл жабдықтар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде таптырмас құралға айналды.

Таңшолпан Дәулеткереева, Астана қаласы ПД жедел басқару орталығының кезекші инспекторы:

- Бір жерден құқықбұзушылықтарды көретін болсақ, аға инспектор арқылы тығыз байланыста жұмыс жасаймыз, сыртта тұрған нарядтарға хабарлап, сол жерге құқықбұзушылықтың алдын аламыз. Сонымен қатар, сырттағы оқиғалардан басқа мектептерді, балабақша орталықтарын қараймыз. Яғни сырттарын да қараймыз, іштерін де қарап отырамыз. Бейнебақылау камераларын бұру, яғни, 360 градуста біз бұрып қарай береміз яғни, жақындатып алыстатып, машиналардың номерлерін де қарай аламыз, адамның түрлері де көрінеді.

Камера бейнені 32 есе үлкейтуге қауқарлы. Қоғамдық орындармен қатар, мемлекеттік мекемелер де тұрақты бақыланады. Мектептер, балабақшалар мен жоғары оқу орындарында 6 мыңнан астам камера жұмыс істеп тұр.

Нұрқанат Қанапия, тілші:

- Қазір қаладағы барлық мемлекеттік мектеп жедел басқару орталығына қосылған. Ендігі мәселе жекеменшік мектептерді де осы желіге қосу қажет. Қазіргі таңда бұлардың саны – 18. Полиция департаменті тиісті жұмысты жүргізіп жатқанын айтады.

Орталыққа тәулігіне 2,5 мыңнан астам қоңырау түседі. Сонымен қатар, тұрғындардан 17 SOS бағаны арқылы да шағым қабылданады. Десек те, әлі де камерамен қамтылмаған аумақтар бар.

Қайрат Раушанов, Астана қаласы ПД жедел басқару орталығының басшысы:

- Қазіргі таңда бізде қазіргі мәселе болып тұрған, бұл – жекеменшік шағын аудандарында, мынау «Үркер», Теміржол, Оңтүстік-Шығыс шағын аудандарында қазіргі бейнетаспа өте аз. Бірақ қазір біз әкімшілікпен бірігіп, жылдың аяғына дейін мың камера, бейнетаспаларын орнатуға жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

Тәртіп сақшылары бақылау жүйесінің көмегімен 2 мыңнан астам қылмысты ашты. Биылғы сегіз айда 20 мыңнан аса тәртіп бұзу дерегі анықталды. 

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Жандос Битабаров