Елнар ел Президенті атынан үш бөлмелі пәтерге ие болды

Арна тілшілері көтерген тағы бір мәселе шешімін тапты.

Елордалық Елнар Айтняковтың ауыр тағдыры жайында екі апта бұрын айтып едік. Жақында Елнар ел Президенті атынан үш бөлмелі пәтерге ие болды.

Бұл - енді Елнардың басыбайлы баспанасы. Аяқасты үйлі болған жігіттің қуанышында шек жоқ.  Қазір бар ойы, тезірек жаңа үйге көшу. Әзірге әйелі және қос қызымен аядай бөлмеде жан бағып отыр. «Ал мына қоныс кең әрі жайлы. Тіпті, мектеп те алыс емес», - дейді ол.

Елнар Айтняков, шебер:

- Әлі күнге сене алар емеспін, расымен мұның бәрі менің басымнан өтіп жатыр ма? Кейде түс секілді.  Енді менің өз баспанам бар, үш бөлмелі! Бұл жақсылықты ел Президенті жасағанын білемін, шын жүрегіммен ол кісіге алғыс айтамын. Менің оқиғамды естіп, қиын сәтте демеген ел азаматтарына рақмет!

Иә, Елнардың жайын дүйім жұрт біледі. Қайсар жанның тағдырына біз де бей-жай қарай алмадық. Екі апта бұрын ғана кейіпкерімізді арнайы іздеп барып, сюжет түсіріп едік. Несін жасырайық, іштей әрі қайран қалып, тіпті кейбір сәтте көзге жас келгені  рас. Елнар -  он екі мүшесі сау адамға үлгі.  Қос аяғы кемтар болса да, ел қатарлы еңбек етіп жүр.

Елнар Айтняков, шебер:

- Қандай мақсат қойдым, соның бәріне біртіндеп жетіп жатырмын. Ең бастысы, табандылық пен уақыт керек. Өмірде нендей қиындық болса да мойымаңыздар. Мәңгілік ештеңе жоқ, қиындық да дәл солай - өткінші.

"Еңбектен несібе ғана емес, қамыққан көңіліме жұбаныш та табамын", - дейді кейіпкеріміз. Осы себепті Елнар үшін кәсібін кеңейту маңызды еді. Жергілікті билік оған жүріп-тұруына ыңғайлы жаңа ғимарат ұсынды. Енді өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекке баулымақ.

Ниетіне қарай несібесі. Тағдыр сыны тек шыңдай түскен Елнар үшін  енді өмірінің қуанышқа толы жаңа кезеңі басталды деп сенеміз. 

Авторы: Назерке Тоқжан