Ақтауда ескі үйлердің орнына жаңасы салынады

Ақтауда ескі үйлерді бұзып, орнына жаңасын салу жұмысы қарқын алды.

Бағдарлама инвестордың қаржысы есебінен іске асып жатыр. Яғни, салынған нысанның бір бөлігі тұрғындарға берілсе, қалған пәтерлер сатылымға шығарылады. Тек биылдың өзінде қала бойынша 5 үйді сүріп, 120 отбасын көшіру көзделіп отыр.

Мына үйлердің салынғанына 60 жылдан асқан. Жақында 5 үй сүріледі. Қазір құрылысшылардың жұмысы қызған.

Жақында ғана жаңа баспанаға ие болған Марина Хозеева заттарын әлі тасып жатыр. Жиһаздарын орналастырып, шамдарын ілуде. Бір бөлмелі пәтер инвестор салған үйден берілген.

Марина Хозеева, қала тұрғыны: 

- Бұрын тұрған үйіміздің салынғанына 62 жыл болған. Әбден ескіргені соншалық, коммуникация желісі бұзылып шұрық-тесігі көбейді. Жұрт көше бастады. Енді мына пәтерге көшіп келгенімізге бір аптадан асты. Жуынатын бөлмесін өзімізге ыңғайлы етіп жасап жатырмыз. Ас үйді екі бөліп, ұлыма бөлме жасақтадым.

Ақтау қаласындағы 3-ші шағын ауданда реновация бағдарламасын іске асыру былтыр басталды. Оған дейін, он жылдан астам уақыт бойы апатты үйлерді жоюға бағытталған жоба болған еді. Соның нәтижесінде ағаштан салынған екі қабатты 15 үй бұзылды.   Енді,  көне баспаналарды жаңарту жұмысы қолға алыды.

Жанболат Жақыпов, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары: 

- Жаңадан салынатын тұрғын үйлер айналасында абаттандыру жұмыстары толықтай жүргізіледі. Біріншіден көліктерге автотұрақтар, сосын балалар ойын алаңдары, спорт алаңдары. Барлық қолайлы жағдай жасалынатын болады.

Жалпы құрылысшылар бес қабатты 9 үй салады.  Жалпы аумағы 46 мың шаршы метрді құрайды. Нәтижесінде, бірнеше жыл ішінде 590 отбасы баспаналы болады. Оның 180-і реновация бағдарламасы аясында пәтер алады 

Асылтай Сақтағанов, құрылыс компаниясы басшысының орынбасары:

- Тұрғындардың бұрын тұрған бір бөлмелі пәтерінің аумағы бұрын 29 шаршы метр болса, жаңасында енді оның көлемі 35-36 шаршы метр. Яғни, айырмашылық бар және оны тегін алады. Пәтер дайын күйінде беріледі.

 

Бес бірдей көне үйдің орнына келер жылы жаңа екі нысан салынады. Тұрғындардың әлдеқайда кең бөлмелі пәтерлерді алуына да мүмкіндік бар. Ол үшін бөліп төлеу шарты да қарастырылған.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Тамара Степанова, Саламат Бекбаев