Қарағанды облысында бруцеллез асқынып тұр

Қарағанды облысының Қусақ, Мәди және Мыңбаев ауылдарында бруцеллез ауруы асқынып тұр.

Осыған байланысты ветеринарлық шектеулер енгізіліп, елдімекендерден ет және сүт өнімдерін шығаруға тыйым салынды. Қазір мамандар төрт түліктен екінші рет сынама алып, зертханаға жөнелткен. Нәтижесі жақсы болса, шектеу алынады. Ал егер ауру мал анықталса, бірден сойылады. Иесіне нарықтық құны төленеді. Әзірге бәрі бақылауда. Ауыл тұрғындары дін аман. Дегенмен жыл басынан бері облыста 19 адам бруцеллез жұқтырған. Індетке тосқауыл қоюдың жалғыз жолы вакцина, - дейді ветеринарлар. Бірақ 2007 жылдан бастап елімізде жоспарлы егу жұмыстары алынып тасталған. Енді әр мал иесі бұл жұмысты тек өз есебінен ғана жасата алады.

Қайырбек Тұрсынбеков, ветеринария басқармасының басшысы:

- Жасыратыны жоқ, бізді алаңдатып отырған Мәди ауылы. Неге? Өйткені ол жерде мал көп. 5-6 мыңға таяу қара мал бар. 7-8 мыңдай ұсақ мал бар. Жылқы малы да жетерлік. Сондықтан біздің ең негізгі күш-жігеріміз осыны жылдам сауықтырып, қысқа дейін аяқтау. Себебі бір мезгілде 5300 бас малдан қан алып шығудың өзі оңай шаруа емес қой.