Бозоқ қалашығы қоқыстан тазартылды

«Киелі табиғат» республикалық науқаны басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір барлық өңірдің жастары екі қолға күрек алып, аумақтарды қоқыстан тазартып жатыр. Астаналық белсенділер де экологиялық шарадан қалыс қалмады. Олар елордаға жақын орналасқан «Бозоқ» көне қалашығын тазартуға кіріскен.

Бозоқ – елорда маңындағы көне қалашық. Қазір ондағы тарихи-мәдени мұраны сақтау маңызды. Бүгінгі экологиялық шараға келген 200-ден астам жастың да мақсаты – осы.

Ұлан Наукен, Қазақстан студенттері Альянсының төрағасы:

- Қазіргі уақытта осындай киелі жерлерде, көне жерлерге барып, осындай табиғатымызды таза ұстауға студенттер атсалысып жатыр. Бізде керемет сөз бар ғой, «Тазалаған жер емес, таза ұстаған жер таза» деген сияқты. Сондықтан әлемді өзгерту үшін еліміздің тазаруына осы эко саласына, алдыңғы қатарда болуына атсалысу үшін келіп жатырмыз.

Бозоқ қалашығында адамдардың тіршілік етуі осыдан 12 ғасыр бұрын басталыпты. Қазір бұл орын елорданың баға жетпес тарихи қалашығына айналған. Қазір «Ұлттық саябақ құру» жобасы жүзеге асып жатыр.

Айнагүл Ғаниева, «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми хатшысы:

- 15 жыл бойы археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Осы археологиялық және лабороториялық жұмыстардың негізінде Бозоқ қалашығының материалдары ғылыми айналымға енді деп айтуға болады. Соның нәтижесінде біз қазір «Ұлттық саябақ құру» жобасын іске асырып отырмыз.

Экологиялық шаралар қоршаған ортаны таза ұстауға септігін тигізеді, – дейді белсенділер. Әсіресе Бозоқтай тарих тұнған жерлерді қастерлеу – міндет. Ал «Киелі табиғат» науқаны елдің барлық өңірінде өтіп жатыр. Оған 1000-нан астам белсенді жұмылған.

Авторлары: Альмира Оразбай, Полина Зачиналова.