Елдің барлық өңірінде сенбілік өтті

Бүгін ала таңнан ел тұрғындары сыпырғышы мен күрегін сайлап, көшеге шықты.

Елдің барлық өңірінде сенбілік өтті. «Бүкіләлемдік тазалық күніне» орайластырылған іс-шараға мыңдаған қазақстандық атсалысты. Жыл сайын өтетін тазалық акциясы тұрғындардың назарын қоршаған ортаны қорғау мәселесіне аударуды, сондай-ақ қоғамда, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздейді.

Астанада жалпықалалық сенбілікке 56 мыңнан аса адам жұмылды. Түске дейін 100 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сондай-ақ қала көшелеріне 1200-ге жуық шыбық отырғызылды. Егілген шыбық арасында қарағаш, үйеңкі, қарағай ағаштары бар.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Өздеріңе мәлім, жылына 4,5 миллион тоннадай қатты қоқыс жиналады. Соның 27%-і ғана сұрыпталып, қайта өңделеді. Осы біздің қазіргі концепциямыз бойынша жасыл экономикаға көшу жөніндегі сонда біз 30-шы жылға осы көрсеткішті 40%-ке жеткізу көзделіп отыр. Бүгін сол жағынан жұмыс жасалынып жатыр.