Ақтаулық Сұлухан Бағдашова көшелердің таза болуына үлес қосып жүр

Ақтаулық Сұлухан Бағдашова 20 жылдан бері коммуналдық мекемеде жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ісіне адал жұмысшы әйел көшелердің таза болуына үлес қосып жүр. Каспий жағасындағы шаһардың тазалық жағынан алдыңғы қатарда тұруы – коммуналдық кәсіпорын ұжымының қажырлы еңбегінің нәтижесі, - дейді өзі.

Сұлухан Бағдашова жұмыстан кешікпеу үшін таңғы сағат 6-да оянады.   Балаларының таңғы асын беріп, мектепке шығарып салады. Жұмысқа  жеткен соң өзіне бекітілген учаскенің тазалығына кіріседі. Коммуналдық мекеме ұжымына 2003 жылы қабылданған. Содан бері жауапты ісінен қол үзбей келеді.   

Сұлухан Бағдашова, коммуналдық мекеме қызметкері:

- Қаланың тазалығы оңай емес, қиын. Таңнан күн батқанша жұмыс істейміз. Суықта тоңамыз, ыстығына қарамай, әйтеуір бала-шағаны асырау үшін жүрміз еңбек етіп. Қолымызға алатынымыз – 125 мың. Ақтаудың ең таза болуы өзіміздің еңбегіміздің арқасы деп ойлаймын.

Сұлуханның жолдасы өмірден ерте озған. Қиыншылыққа қарамастан жанұясын асырап отырған жұмысшы әйел әріптестеріне үлгі. Қамажай Раушанова бұл қызметке Сұлуханмен бір уақытта келгенін, құрбысының бүгінге дейін себепсіз жұмыстан қалмағанын айтады.

Қамажай Раушанова, коммуналдық мекеме қызметке:

- Жұмысын жақсы атқарады. Қалада тұратын тұрғындарымыз үйінің айналасын таза сақтаса, жақсы болар еді біздер үшін. Біздерге жеңілдік болар еді. Отырған жерінде темекі тастап кетеді. Пакеттерін сыртқа тастап кетеді. Контейнерге салып кетсе екен.

Коммуналдық кәсіпорында 300-ден аса қызметкер еңбек етеді. 20-дан аса бригада шағын аудандар іші таза болуы үшін аптасына 6 күн жұмыс атқарады. Сұлухан Бағдашованың бригадасында 25 адам бар. 19-ы – қыз-келіншек.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.