Қонаев қаласындағы саяжайдың электр жүйесі жаңартылады

Қонаев қаласындағы «Құрылысшы» саяжайында электр жарығы жиі сөнеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарық өшкенде су мен жылу да болмай қалады.

3 жыл бойы шешімін таппаған мәселені қала әкімдігі биыл қолға алды. Елді мекенді қуат көзімен үздіксіз қамтамасыз ету үшін жаңа құрылғылар орнатылып, желілер ауыстырыла бастады.

«Құрылысшы» саяжайының инфрақұрылымы әбден тозған. Қазір мұнда 2 мыңға жуық адам тұрып жатыр. Халық санының ұлғаюы электр қуатының тұтыну көлемінің артуына әкелді. Бірақ саяжайдағы тариф қаламен салыстырғанда қымбат. Сонымен қатар жел тұрса, жарық жиі сөніп қалады, - дейді тұрғындар. 

Гүлнәр Әлімова, қала тұрғыны:

- Жарықты қымбаттатады. Ай сайын біз деген қалаға қарағанда киловаты үлкен. Өшіріп тастайды жарықты ше. Уақытымен жақпайды.

Еділ Майемеров, қала тұрғыны:

- Қарыз деп айтады. Оны бәріміз төлеп отырмыз. Жарық, су керек қой өзімізге. Өзіміз үшін төлейміз. Енді қарыз айтады. Кім қарыз екенін білмейміз. Микроволновка, тоңазытқыш дегендер күйіп кетеді. Оған келесің. Кімді табасың төрағаны таппағаннан кейін, орнықты біреуді таппағаннан кейін кімге барасың арызданып?

Саяжай тұрғындары бірлестік құрып, ай сайын электр жарығының ақшасын бір шотқа жіберіп төлейтін. Мұндағы тоқ тарифі – 1 киловатына 30 теңге. Бірақ бірлестіктің «Алматы жарық компаниясына» қарызы өсіп кетуінен мекеме жарықты жиі сөндіретін болған. Қазір Қонаев қаласының әкімдігі электр жүйесін жаңартуға кірісті.

Алмас Садуақас, тілші:

- Мына трансформатор арқылы саяжайдағы әр үйге электр қуаты жететін.Техникалық тұрғыдан тозған құрылғы жиі істен шыға бергесін елді мекендегі жарық та сөніп, тұрғындардан маза кететін. Бұл мәселені реттеу үшін қалалық коммуналдық шаруашылық биыл әр көшеге мынандай жаңа трансформатор орната бастады.

Алдағы уақытта әр абонемент қалалық электр жүйесіне жалғанады. Сонда тариф те арзандайды, - деді әкімдік өкілдері.

Дархан Қарақонысов, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- «Тех.условие» береміз. Саяжайдың электр желілерін өзімізге балансқа аламыз. 5 ТП қойдық.

Алдағы жылы «Құрылсышы» саяжайы ықшам аудан ретінде Қонаев  шаһарының құрамына кіреді. Бұл жұмыс Үкімет бекіткен қаланың бас жоспарына сәйкес атқарылады. 

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөнкешов.