СҚО-ның еңбекқор азаматы өмірін өндіріспен байланыстырған

Білімді, мақсаты айқын, ерінбеген жастарға елде жұмыс жеткілікті.

Солтүстік Қазақстан облысындағы ірі кәсіпорындардың бірінде еңбек етіп жүрген Әлібек Уатаев осындай пікірде. Машина жасау саласын таңдаған ол өңірде «Өндірістің үздік жас қызметкері» атанды.

Әлібек Уатаев өмірін өндіріспен байланыстырамын деп ешқашан ойламаған. Бірақ жоғары оқу орнын аяқтап қолына диплом алған соң бірден зауытқа жұмысқа орналасқан. Учаске шебері мұнда мұнайға қажетті құрылғылардың сапасын қадағалайды. 

Әлібек Уатаев, учаске шебері:

- Техникаға жақын болғандықтан ба, бұл мамандық өзіме ұнайды. Бұл зауытта біз металл өңдеу, «заготовка» жасау, «сборка» сияқты жұмыстарды жасаймыз. Мұнай скважинасын жөндеуге арналған агригаттар жасаймыз. Әріптестер бәрі жақсы. Білмегенімізді үйретеді.

Мұнай-газдан бөлек, азаматтық және әскери салаға қажетті техника атаулының бәрі дерлік құрастырылатын зауытта 500-ден астам адам еңбек етеді. Ал кәсіпорын басшылығы Әлібектің жұмысқа деген жоғары ықыласын алғашқы күннен-ақ байқаған. Себебі ол әр ісіне сауатты, жұмысына жауапты. Сондықтан болашығынан зор үміт күтеді.   

Евгений Ушаков, цех басшысы:

- Әлібек кәсіпорынға 2019 жылы келді. Содан бері өзін тек жақсы қырынан көрсетіп келеді. Жұмысына асқан жауапкерішілікпен қарайтын, озық қызметкерлердің бірі. Зауыттың қоғамдық өміріне де белсене араласады. Өкініштісі, бізде осы Әлібек секілді жастардың қатары сиреп барады. Бізге металл жонушы, инженер секілді мамандар жетіспейді. 

Қазір мұндай жандардың беделін көтеру мақсатында елімізде түрлі жобалар қолға алынған. «Еңбек жолы» конкурсы – соның бірден-бір айғағы. Әлібек Уатаев аталған байқауда «Өндірістің үздік жас қызметкері» аталымы бойынша қатысып, аймақта жеңімпаз атанды. Енді өңір намысын республикада қорғайды.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков.