БҚО-да жаңа бағдарлама қазына қаржысын үнемдеді

Былтыр Батыс Қазақстан облысындағы ауылдық елді мекен тұрғындары, ауызсуды пайдалануды 20 процентке азайтқан.

Ал биыл тіршілік нәрін тұтыну тағы 10 процентке қысқарды. Бұның барлығы жаңадан электрондық «E-Sep» бағдарламасын енгізудің арқасында мүмкін болды. Саланы цифрландыру нәтижесінде 360 миллион теңге бюджет қаржысы үнемделген.

Батыс Қазақстан облысында бір адамның ауызсуды тәулігіне тұтыну нормасы 140 литр. Ауыл тұрғындары осы межеге дейін судың литріне 90 теңге төлейді. Одан асып кетсе, судың өзіндік құнын өтейді. Тазалау мен сүзуге, жеткізуге кететін шығындарға байланысты ол сома әртүрлі болуы мүмкін. Бір жерде 300 теңге, бір жерде 700 теңге. Алайда бұрын жеке тұрғындардың суды қанша тұтынып жатқанын ешкім шұқшиып қадағаламайтын. Енді бәрі жаңа бағдарламаға енгізіледі.

Иван Мельников, бағдарлама жасақтаушы:

- Бұрын қалай болды. Бақылаушы судың ақшасын алады. Квитанция береді. Есебін өзі жүргізеді. Енді ауылдағы әрбір бақылаушының телефонына мобильді қосымша орнаттық. Ол есептеу құралындағы көрсеткішті қосымшаға салады. Сол сәтте мәлімет серверге түседі. Мында автоматты түрде сол адамның төлемі шығарылады. Егер нормадан асып кетсе, ақысы да өседі.

Бұрын ауызсуды шаруашылық мақсатқа, бау-бақша суаруға, көлік жууға қолданатындар көп еді. Енді судың да сұрауы бар екені түсінікті болды. Нәтижесінде суды тұтыну былтыр 20 процентке, биыл 10 процентке кеміді. Тек су емес, субсидия да үнемделді. Себебі тұтынушы төлейтін 90 теңге мен судың өзіндік құнының арасындағы айырмашылықты мемлекет өтейді. Өңірде 416 ауылдық елді мекен болса, соның 149-ына демеуқаржы қаралады. Бұл мақсатқа жылына 1 миллиард 200 мың теңге бөлінеді. Жаңа бағдарлама енгізгеннен бері 360 миллион теңге қазынада қалған. Әрі бұрынғыдай субсидияға құжаттарын өткізу үшін мамандар қалаға сабылмайтын болды.  

Миржан Нұртазиев, БҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Су беруші мекемелермен қағаз жүзінде контакт тәуелділік жойылды.  Бұрынғыдай алыс шалғай аудандардағы сол мекемелердің қызметкерлері қолма-қол  бізге қағаз әкелмейді. Бұрын қағаз жүзінде алып келеді, барлық квитанцияларды алып келеді. Қазіргі таңда бұл бағдарламада  бәрі енгізілген, ана жақтан өз мекелерінде отырып құжаттарды салып жібереді. Мына жақтан бізден көрініп, бәрі шығып тұрады саналып. Басты мақсат сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуекелді азайту мақсатында.

Саланы цифрландыруды Батыс Қазақстан облысындағы айти-қауымдастық мүшелері қолға алды. Оң  нәтижені көргеннен соң, өзге өңірлерден де аталған бағдарламаға қызығушылар көбейген.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов