Елімізде ауыл шаруашылығы техникасы жаңарады

Елімізде өздігінен жүретін отандық ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне «Жасыл Даму» Акционерлік қоғамы қаражатынан 20 миллиард теңге бөлінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды. Осылайша, фермелерге 500-ден астам техника сатып алуға мүмкіндік туады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқынын арттыруды тапсырған болатын.

Динара Әлімова, ҚР Премьер-министрінің баспасөз хатшысы:

- Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкіметтің тиісті қаулысына қол қойды. Бұл қаражатқа аграриялер 80-нен астам комбайн мен 450 трактор сатып ала алады. Техника лизингке 6% мөлшерлемемен және 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бір лизинг алу үшін қаржыландыру сомасы 205 млн теңгеден аспайды.