Депутат: Саяжайларға «ауыл» статусын беру керек

Алматы облысының айналасында 700-ге жуық саяжай бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ондағы тұрғындардың саны бүгінде 500 мыңға жеткен. Алайда осы елді мекендердің тұрмысы тұралап тұр, себебі бюджеттен көмек жоқ. Осылай деген депутат Мақсат Толықбаев ірі қала маңындағы саяжайларға «ауыл» статусын беру қажеттігін айтты. Қолданыстағы заңға сай қазір жергілікті атқарушы органдар бюджет қаржысын қала және ауыл аумақтарын дамытуға ғана бөле алады. Салдарынан дербес мәртебесі жоқ елді мекендердің инфрақұрылымы дамымай тұр.

Мақсат Толықбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Халық қысы-жазы тұрғынжай етіп отырған жүздеген саяжайда мектеп, балабақша, қоғамдық көлік қатынасы, медициналық жәрдем көрсету, асфальт, пошта, байланыс пунктері әлеуметтік қызмет инфрақұрылымы, әлеуметтік нысандар атымен жоқ. Электр қуатына дейін жекенің қолында. Екі есе тарифпен төлеуге мәжбүр. Саяжай мәселесін шешуге арналған нақты, ауқымды бағдарлама әзірлеу керек. Ашығында, бұл – Алматы облысында ғана емес, байтақ Қазақстанның әр өңіріндегі түйнек.