Astana Media Week: медиадағы тенденциялар, өзгерістер мен этика

Тың технология күн санап дамып жатыр.

Дәстүрлі БАҚ осы үрдістен қалыс қалмауға тиіс. Бүгін астанада  «Astana Media Week-2023» іс-шарасының 1-ші күні қорытындыланды. Түрлі медиа өкілдері бас қосатын дәстүрлі жиынға 2 мыңнан аса адам қатысты. Биылғы басқосу несімен ерекше? Отандық журналистиканы дамыту бойынша мамандар қандай идеялар айтты?

Медиадағы тенденциялар, өзгерістер мен этика. Биылғы Астана медиа апталығында осы мәселелер сөз болады. 7 жыл бойы желісі үзілмей келе жатқан шараға 2 мыңнан аса адам қатысып жатыр. Елге танымал медиа менеджерлер, телеарна басшылары мен продакшн компаниялардың өкілдері бүгін осы алаңда. Бір ерекшелігі, биыл подкаст жанрында хабар таратып жүрген әріптестер де төбе көрсетті.

Бибігүл Құламан, «Astana Media Week-2023» ұйымдастырушысы:

- Ашық пиччинг өткіземіз бүгін, ашық пичингтің алғашқы қатысушылары – подкаст жасаушылар. Подкаст жаңадан енген сала деп айтуға болады, пичингтердің нәтижесінде біз ең үздіктерін таңдап, келер жылдан бастап квазимемлекеттік және мемлекеттік каналдарға ұсынамыз.

Қазір әлеуметтік желі өз алдына дербес ақпарат көзіне айналғаны жасырын емес. Желідегі әр сөздің жауапкершілігі барын жете түсінгеніміз абзал, - дейді мамандар. Еліміз онлайн платформа нарығына қатысты жаңа заң қабылдауы да осы қажеттіліктен туындаған. Ресми құжат 10 қыркүйекте күшіне енді.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Мемлекет бұқаралық ақпарат құралы саласындағы заңнаманы жетілдіруге ерекше көңіл бөліп отыр. Сонымен қатар биыл мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асырудың негізгі бағдарын айқындайтын тұжырымдамалық құжат – ақпараттық доктрина қабылданды. Салада үздіксіз трансформация мен жаңа платформалар, коммуникация құралдары мен хабарламаларды беру әдістері үнемі жаңарып отырады.

Astana Media Week – халықаралық деңгейдегі пікір алмасу алаңы. Түркия, Корея, Қырғызстан мен Өзбекстан секілді алыс-жақын елдерден 60-қа жуық сарапшы арнайы ат терлетіп келген. Шетелдік меймандар қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасуға қашан да асық.

Мехмед Закид Чалышкан, сарапшы:

- Біз кәсіби біліктілікті арттыратын түрлі курстар, медиа сабақтар өткіземіз. Бұл бағытта Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Сіздің мамандар Түркияға келіп, дәріс алып жүр, сондай-ақ онлайн оқып жүргендері де бар. Менің ойымша, медиа апталық – БАҚ саласындағы жаңа тенценцияларды үйреніп, біліміңді толықтыруға таптырмайтын мүмкіндік.

Ауқымды шараның алғашқы күні 2 пленарлық отырыс өтті. Оның бірінде  медиа саласындағы жаңашылдықтар сараланса, соңғысында телевизиядағы жарнама жайы сөз болды. Сарапшылар әлеуметтік желідегі әдеп мәселесін де назардан тыс қалдырмады.

Рауан Кенжеханұлы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті:

- Кәсіпқой журналист емес адамдардың, осы салаға жаңадан қосылып жатқан ортаның жауапкершілігі, одан кейін этикалық мәселелерді де дұрыс сақтауын қамтамасыз ету. Және көтерілген үлкен мәселе – мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарды реттеуде, оған әсер ететін ақпараттың дұрыс реттелуіне жекелегендер елдер ғана емес, аймақ болып не істей аламыз, өте маңызды сұрақтар талқыланды.

Назерке Тоқжан, тілші:

- Ақпараттық технология сағаттап емес, секундтап дамып жатқан дәуір дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына жаңа міндет пен мақсат жүктеді. Оның бірсыпырасы бүгін осы алаңда айтылды. Медиа апталық қыркүйектің 23-і қорытындыланды. Дәл осы күні баспа, радио, интернет журналистика үздіктеріне Үркер ұлттық сыйлығы табыс етіледі.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Жандос Битабаров.