Энергия тапшылығын АЭС салу арқылы шешу тиімді ме?

Елде энергия көздері түгесіле бастады.

Тапшылықты атом электр станциясын салу арқылы шешу қаншалықты тиімді? Курчатов қаласының тұрғындары жалпыұлттық референдум жайлы не дейді. Стратегиялық маңызды нысанның салынуына жергілікті ғалымдардың көзқарасы қандай?

 Атом электр станциясы төңірегінде қоғамда түрлі пікір айтылып жүр. Қолдайтындар аз емес, қарсылар бар.  Дегенмен, Қазақстанда атом электр стансасы салына ма, жоқ па?   Оны тұрғындардың өзі шешеді. Мәселенің нүктесі жалпы ұлттық референдумда қойылады. Президенттің бұл бастамасын Курчатов халқы қолдап отыр.

БЛИЦ: 

- Бұл үлкен ауқымды мәселе. Референдум. Бірінші халықтың жағдайымен санасу керек. Халықпен ақылдасу керек, кеңесу керек деген мағынада айтылды. Халықтың пікірі әрқашан құнды.  

- Қазіргі уақытта біздің қазба байлықтарымыз азайып келе жатыр. Көмірдің қоры таусылатын болса бізге ертең энергия тәуелділігі пайда болады. Сол себепті менің азаматтық көзқарасым атом электр стансасын салу керек деп ойлаймын. Бірақ бір нәрсені естен шығармау керек. Кешегі Чернобыльдегі, Фукусимадағы болған атом электр стансаларындағы жарылыстарды болдырмау жолын есепке алу керек деп ойлаймын. 

Елімізде атом электр стансасы салынуы мүмкін аумақ ретінде екі орын белгіленген. Олар Курчатов қаласы мен Алматы облысындағы Үлкен ауылы. Мемлекеттік комиссияның алдын ала шешімі бойынша  Қазақстанның оңтүстігі таңдалған. Мұның да өз себебі бар.

Эрлан Батырбеков, ҚР Ұлттық ядролық орталығының директоры: 

- Қазақстанның оңтүстігінде электр энергиясына сұраныс өте жоғары. Халық та тығыз орналасқан. Ал Курчатовтағы бұрынғы Семей полигоны аумағында маңызды стратегиялық нысанды салуға болатын алаңдар жеткілікті. 

Курчатовтағы ұлттық ядролық ғалымдарының пікірінше, атом электр стансасын салу пісіп-жетілген мәселе. Болжам бойынша 10 жылдан кейін Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы сезіле бастауы мүмкін.

Ерболат Қоянбаев, Атом энергиясы институты директорының орынбасары:

- Электр энергияны біз қазіргі уақытта көмірді жағып жылу электр стансаларынан аламыз. Олар кеңес дәуірінде салынған электр стансалары. Қазіргі уақытта оның пайдалану мерзімі аяқталып бара жатыр. Техникалық тұрғыдан қараған кезде атом энергетикасы қазіргі уақытта Қазақстанға керек энергетика көзі. Базалық энергетика көзінің бірі. 

Арман Жанарбекұлы, ҚР Ұлттық ядролық орталығының зертхана басшысы:

- Атом энергетикасының дамуы атом электр стансасын салумен тікелей байланысты. Осы бағытта жас мамандарды даярлау ұзақ процес. Кем дегенде 5-10 жылды құрайды. Және өте маңызды сол кадрларды дайындау барысында сол кадрларды дайындайтын мамандар керек.  

Жалпы ұлттық референдумның өтетін уақыты әзірге белгісіз. Алайда орталық сайлау комиссиясы дайындық жұмысын бастап кетті. 

Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы