Қазақстан студенттері білімін шыңдайды

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру университетімен бірлесіп, білім беру бағдарламасын әзірледі.

Осы құжат аясында Сыр бойынан келген бір топ студент су саласының қыр-сырына қанығып, трансшекаралық өзен мәселелерін шешуге атсалысады. Қазір қос оқу орны арнаулы келісімге қол қойды. Тәжірибе алмасуды бастап кетті.

"Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру университетінің" тарихы терең. Білім ордасында су мамандарының бірнеше буыны қалыптасқан. Бір аптадан бері мұнда қызылордалық 15 студент академиялық ұтқырлық бойынша біліктілігін арттырып жүр. Оқу 3 айға жалғасады. Осы уақытта қазақ жастары теориямен танысып қана қоймай, жергілікті су қоймаларын аралап, жұмысына қанығады.

Нұрай Сабыр, қазақстандық студент:

- Білімімізді жетілдіру мақсатында, су саласындағы мәселелерді шешу үшін Ташкент қаласына оқуға келдік. Болашақта жақсы маман болып , теориядан алған білімізді практикада жалғастырып, су саласындағы мәселелерді шешуге үлес қосамыз.

Осы күні бауырлас қазақ пен өзбек үшін су шаруашылығы күрмеуі қиын күрделі салаға айналды. Екі елде де сала жұмысын автоматты жүйеге көшіру ісі жүріп жатыр. Қызылорда - тіршілік нәрінен таршылық көріп отырған өңірдің бірі. Мәселені шешуге тек заманауи технология, әсіресе суды үнемдеу тәсілдері көмектеседі. Соған сай, Қорқыт ата университеті,,, шәкірттерін халықаралық тәжірибе негізінде оқытуды қолға алды. Мұндай байланыс аграрлық сектор әлеуетін көтеруге де сеп.

Шарафаддин Нарбаев, Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру университетінің деканы:

- Су саласынан бөлек, жерді игеру мен кадастр мәселелерін реттеу ісіне маман даярлап жатырмыз. Университетімізге қызылордалық 15 студент келді. Оның 9-ы кадастр саласын тереңірек меңгеруге кірісті. Оқу орны еліміз бойынша көшбасшы саналады. Тәжірибелі оқытушы-профессорлар өткенде Қызылордаға да барып, біліктілігін арттырып қайтты. Бұл іс алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Жалпы елімізде су саласына артылған міндет ауыр. Таяуда құрылған арнайы министрлікке шаруаларға тіршілік нәрін уақытылы жеткізіп, егіннің бітік шығуына қолғабыс ету тапсырылған. Бұл ғана емес, жердің құнарлығын сақтап, өнімділікті арттыру да міндеттеліп отыр.

Авторы: Рауан Мыңбаев