Ақыртөбе жер асты газ сақтау қоймасында оқу-жаттығу өтті

Жамбыл облысындағы Ақыртөбе бірегей жер асты газ сақтау қоймасының базасында оқу-жаттығу жиыны өтті.

Онда техникалық мамандардың біліктілігі сыналды. Стратегиялық нысанда жедел медициналық көмек көрсету және түрлі қауіптің алдын алу бойынша әдіс-тәсілдер көрсетілді. Жалпы, елімізде 3 жерасты газ сақтау қоймасы бар. Күз және қыс айларында газ тапшылығын болдырмау үшін қоймаға қор жиналады.

Оқу-жаттығу жиынының сценарийі бойынша газ сақтау қоймасындағы ұңғыманың бірінде апат болды. Дабыл қағылып, мекеме құтқарушылары апат аймағына жедел аттанды. Жедел штаб құрылып, құрылымдарға тапсырмалар жүктелді. Оқу-жаттығуға 18 техника мен 75 қызметкер жұмылдырылды.

Олжас Тоқтасынов, «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Тараз» магистральдық газ құбырлары басқармасының директоры:

- Жаттығу барысында ашық газ су бұрқағын жою тәсілдері, сондай-ақ барлық бөлімшелердің обьектінің әкімшілігі инженерлік техникалық персонал өкілдеріменен өзара іс-қимыл пысықталды. Барлық қатысушылар кәсіби іс-қимыл іс әрекетін көрсетті. Комиссияның бағасы оң.

Оқиға орнында жедел жәрдем ашық газдан уланған қызметкерге көмек көрсетті. Ал арнайы жасақ өрт сөндірушілердің көмегімен апатты ұңғымаға жақындап, зақымданған құбырды қалпына келтірді. Мамандар мұндай оқу-жаттығу жылда ұйымдастырылатынын айтады. «Бұл - төтенше жағдайдың алдын алу үшін жасалады», -дейді.

Әуезхан Уромбаев, «Интергаз Орталық Азия» АҚ техникалық директоры:

- Біздің жұмыскерлердің дайындығын, сосын жинаған тәжірибелерінің бәрін осы жерге салып сынаққа түсіреміз. Газ қысым станцияларында да, осындай жер асты қойнауында да әрдайым сол қауіпсіздікті сақтау үшін.

Айта кетерлігі Ақыртөбе жер асты газ сақтау қоймасының көлемі 550 млн шаршыметр. Мекеменің басты міндеті - Жамбыл облысында газ тапшылығын болдырмау.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан