Көкшетауда этносаралық келіспеушіліктерді шешуге қоғам өкілдерін үйретіп жатыр

Көкшетауда этносаралық келіспеушіліктерді анықтап, түрлі шиеленістерді шешуге қоғам өкілдерін үйретіп жатыр.

Бескүндік семинарға Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының этномәдени бірлестік мүшелері, әкімдік өкілдері және заңгерлер қатысты. Іс-шарада тыңдаушылар шиеленістерді реттеудің негізгі тетіктерімен танысып, нақты кризистік жағдайларды талдады. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев атап өткендей, елімізде этносаралық қақтығыстар болған жоқ. Бірақ кез-келген тұрмыстық, әлеуметтік және қылмыстық жанжал этносаралық шиеленіске айналуы мүмкін. Сондықтан, өңірлерде этномедиаторларды даярлау қажет. Олар түрлі даулар мен өзара келіспеушіліктерді шешуге ат салысып, этносаралық қақтығыстарға жол бермеу үшін жұмыс істейді.

Талғат Қалиев,  қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры:

- Біз өңірлерде этносаралық шиеленістер мен қақтығыстарды шеше алатын, бұндай жағдайлардың алдын алатын мамандар тобын оқытып жатырмыз. Яғни, олар жергілікті деңгейде жұмыс істейді. Айта кетсек, этномедиация саласына тән қабілет болуы керек. Яғни, этномедиатор кез-келген мәселеге аз уақытта терең үңіліп, жан-жақты қарастырып, екі жақтың арасындағы келіспеушілікті шешу жолын табуы тиіс.