loader


«Хабар» телеарнасында Еңбек күніне арналған телемарафон өтеді

Алдағы жексенбі «Хабар» телеарнасында Еңбек күніне арналған «Адал еңбек» атты теламарафон ұйымдастырылады.

Тікелей эфирде төрт сағатқа созылатын бағдарламада, түрлі өндіріс ошақтары мен ауыл шаруашылығында жұмыс істеп жүрген жандардың ерен еңбегі көрсетіліп, дәріптеледі. Табысты кәсіп иелері жетістіктерімен бөліседі. Телемарафон тағы несімен қызықты болмақ?

«Хабар» телеарнасының бағдарламалар өндірісі бөлімінде қазір дайындық қызу. Әншейінде мәтін мен сценарийден бас алмайтын тілшілер мен режиссерлар, еңбек адамдарын эфирден қайтсек сәтті шығарамыз деп әлек. Себебі жауапкершілік зор. Өйткені телемарафонның басты идеясы – халықты еңбекке баулу. 

Айдар Ұлықпан, жобаның бас продюсері:

«Марафон жалпы екі тілде болады. Қазақ, орыс тілдерінде. Жалпы эфир ұзақтығы 4 сағат. Төрт сағат бойы біз «Хабар» арнасы тікелей эфирдеміз. Елімізге, халыққа осы еңбектің құндылығы, еңбектің маңыздылығы деген сияқты түрлі ақпараттарды барынша нақты шынайы түрде беруге тырысамыз». 

Телемарафонға күнделікті көше тазалығына жауапты жандардан бастап, ауыр әрі аса жауапты жұмыстарды атқарып жүрген еңбеккерлер қатысады. Қызықты кейіпкерлер мен табысты ісмерлер де аталған+Бейнеқор алынады бағдарламаның қонағы болады.

Жайна Сламбекқызы, «Хабар» телеарнасының директоры:

«Бұрын журналист болған, кейін ауыл шаруашылығымен айналысуға бет бұрған кейіпкер бар. Тракторшы келіншек бар. Сонымен қатар жасаған дүниелерін ақсүйектер тапсырыспен алдыратын зергер бар. Ол  - атақты Берік Әлібай. Мысалы, оның жасаған дүниесін Иорданияның королі Абделланың жұбайы тапсырыс беріп алдырған».

Телемарафонға аймақтар да қосылмақ. Мәселен, Қостанайдағы көлік құрастыру зауытының жұмысшылары тікелей эфирде машина жасау ісін көрсетсе, Түркістан, Алматы және Абай облыстарынан ең үздік еңбек династиялары байланысқа шықпақ. Ал мұның барлығы заманауи трендтерден бөлек, дәстүрлі жұмысшы мамандықтардың да ешқашан көштен қалмайтынын жеткізу.

Жайна Сламбекқызы, «Хабар» телеарнасының директоры:

«Біз фундаменталды ғылымға, тиісінше фундаменталды мамандықтарға, солар туралы әңгімемізді ешқашан тоқтатпауымыз керек және де өліп-өшіп істеген жұмыстың, маңдай теріңді төгіп, бәрібір қайтарымы болатынын шегелеп отыруымыз керек».

Сонымен 24 қыркүйек күні сағат 12 мен 16.00 аралығында «Хабар» арнасын қосыңыз. Еңбегімен ер атанып, көл-көсір табысқа кенелген еңбеккерлердің өнегелі өмірі сізді де елең еткізбей қоймасы анық.