Сұңғат Қарымсақов 6 жыл бойы өнеркәсіп альпинисі болып қызмет етеді

Өнеркәсіп альпинистері өз жұмысын құс ұшатын биіктікте өткізеді.

Оларға қойылар талап жоғары. Зәулім ғимараттардың терезесін сүртіп, көпқабатты үйлердің төбесін қардан тазартады. Альпинист Сұңғат Қарымсақов тәуекелі көп жұмысы туралы айтып берді.

Биікте тұрып, жұмысын тиянақты атқару – Сұңғат үшін күнделікті әрі үйреншікті іс. Ол кейінгі 6 жыл бойы өнеркәсіп альпинисі болып қызмет етеді. Сұңғаттың міндетіне көпқабатты үйлердің шатырларын жөндеу және саңылауларды бітеу сияқты күрделі жұмыстар кіреді.

Сұңғат Қарымсақов, өнеркәсіп альпинисі:

- Адреналин, қатты биікті жақсы көремін деп айта алмаймын. Бұл сала мен таңдаған кезде бос болды. Қазір бұл мамандық иелері өте көп. Астананың өзінде 300-ге жуық альпинист бар шығар.

Алғашында альпинист биіктіктен қатты қорыққан. Кез келген сәтте шалынып, құлап кету қаупі жоғары. Ең бастысы, қауіпсіздік ережелеріне шекеден қарамау керек, - дейді ол. Сенімділік үшін құрал-саймандарын қайта-қайта тексеруден жалықпайды. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген сөз мен сияқты маман иелеріне арналған сияқты», - деп әзілдейді кейіпкеріміз.

Сұңғат Қарымсақов, өнеркәсіп альпинисі:

- Бірінші кезекте сақтандыру ғой. Әр адам өзін сақтауы керек. Өйткені бәрімізді үйімізде жақындарымыз күтіп отыр. Салғырт қарауға болмайды. Кез келген салада салғырт қарауға болмайды. Мамандар көп. Бірақ кәсіби маман аз. Менің ойымша, соған көбірек мән беру керек.

Сұңғаттың айтуынша, биіктіктен қорықпайтын адамға өнеркәсіп алпинисі болу оңай. Бірақ ол үшін арнайы дайындықтан өту қажет. Төбеде жүріп, қадамыңды нық басу үшін ұсақ-түйек жұмыстың өзіне аса ұқыптылықпен кірісу керек. Қорқынышты жеңе білген кезде ғана сәттілік әрқашан серік болады, - дейді еңбек адамы.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Полина Зачиналова.