Талдықорған маңынан петроглифтер кешені табылды

Тасқа салынған көне суреттер бұдан 4 жыл бұрын белгілі болған.

Зерттей келе 80 шаршы шақырымды алып жатқан бірегей тарихи орын екені анықталды.  Бұл Орталық Азиядағы ең үлкен петроглифтер жиынтығы. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Әуесқой археологтар бұл аймақта 26 мыңнан аса петроглифтің бар екенін анықтады. Негізінен мұнда бұғы сияқты жабайы жануарлар, аңдар, ат үстіндегі адам, аңшылық көрініс, дөңгелекті арба және киіз үй көрініс тапқан. Осыған қарап саладағылар бұл жерді қазақ тарихының тасқа қашалған энциклопедиясына балап отыр. 

Археология саласындағы еріктілердің батыл болжам жасауына негіз бар. Біріншіден тау шатқалындағы петроглифтер ат шаптырым аумақты алып жатыр. Екіншіден ерте қола дәуірінен бастап жиырмасыншы ғасырға дейінгі аралықты қамтиды. Үшіншіден анық көрінетін суреттерде қазақтың мифологиялық таным түсінігі бейнеленген.  

Зира Наурызбай, мәдениеттанушы:

- Мынау жерде жылқы бар. Міне басы кеудесі. Аяқтары. Үстінен былай киіз үй салынған. Сонда ол көне миф. Қазақы Дудар қызы деген ертегіде көрініс тапқан миф көрініс тапқан. Сол суретке де соны салған. демек жылқыны 18-19 ғасырда  жаңартты. Оның үстіне қазақ үй салған. Ол ұрпақтар сабақтастығы.

Берікбол Нұрмұханбетов тарихымызды түгендеп жүрген еріктілердің бірі. Ол «Алтын адамды» тапқан археолог Бекен Нұрмұханбетовтың баласы. Әке жолын жалғаған ұл ата-баба мұрасын сақтауды азаматтық парызым деп біледі.

Берікбол Нұрмұханбетов, ғылыми волонтёр:

- Біздің мақсатымыз осы. Ата бабамыздың тарихын, ұлы даланың рухын скл асқақтатып, келе жатқан ұрпаққа сақтап жеткізу. Скл осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз.

Ғылыми волонтерлер GPS құрылғысы арқылы петроглифтердің теңіз деңгейінен неше метр биіктікте екенін анықтап жатыр. Орналасқан жерін және суреттердің толық сипаттамасын жазады. Соның негізінде Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институтпен бірлесіп қасиетті аймақты ескерткіштер тізіміне енгізбек. 

Ольга Гумирова, ғылыми волонтёр:

- Жетісу облысында шамамен 90 мың петроглиф бар. Соның басым бөлігі Талдықорған маңында орналасқан. Соларды зерттеуге Жетісу облысында неге қаражат бөлінбейді? 

Ғалымжан Оспанов, тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталықтың директоры:

- 2023 жылы 9 млн 700 мың археологиялық құжаттандыру жұмыстарына қаржы бөлінген болатын. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу арқылы конкурстар өткізіліп, жеңімпаз анықталды. Бізде институт прикладного археология ұтып алды. Қазіргі таңда қол қойылып жұмыстар басталды.

Ол кісілер енді ұтып алған жеңімпаз Қаратал ауданы бойынша қандай археологиялық ескерткіштер  бар құжаттарын толық бізге өткізгеннен кейін ескерткіштер тізіміне енгізілетін болады.

Еріктілер аймақтағы көне тұрақтарда археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуі қажет деп есептейді. Толыққанды ғылыми зерттеу нәтижесінде кешенді ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізу керек деп отыр.  

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев