Президенттік жастар кадр резервіне құжат қабылдау жүріп жатыр

Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысу үшін pkrezerv.gov.kz сайтына 20036 адам тіркеліп, 1513 кандидат өтініш берген.

Оның 519-ы Астана қаласынан. Резервке алынған азаматтар мемлекеттік саяси лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік және «Б» корпусының басшылық санаттарына тағайындалуы мүмкін. Мақсат - кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа легін қалыптастыру.

Резервке жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады. Өтінім қабылдау 30 қыркүйекке дейін  жалғасады.

Динара Сәдуақасова Президенттік жастар кадр резервінің бұған дейінгі кезеңінде үздік 50 үміткердің қатарына ілікті. Қазір мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын жалғастырып жүр. Жобаның арқасында жас мамандармен танысып, әріптес болуға мүмкіндік туғанын айтады.

Динара Сәдуақасова, "AMANAT" партиясы қоғамдық саясат институты директорының орынбасары:

- Президенттік жастар кадр резерві маған не берді деген сұраққа жауап берсем, ол тек қана жұмыс орынды табу ғана емес, резервтің артында үлкен бір әлеуметтік капитал жатыр деп айтсақ болады. Резервке түскеннен кейін әртүрлі мемлекеттік, квазимемлекеттік ұйымдардан ұсыныстар түсе бастады.

Үміткерлер 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтеді. Мәтіндік, сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін көрсетеді. Ситуациялық тапсырмаларды орындайды. Құзыреті бойынша бағалау сұхбат арқылы жүреді. Кейін,, сарапшылық комиссия мүшелерімен әңгімелеседі. Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың басшылары кіреді.

Әли  Көмекбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қалалық департаменті басшысы:

- Резервке қызыққан жастар көп, аз емес. Алда келе жатқан ол Астана қаласы болып отыр. Үміткерлердің аты-жөндері көрсетілейді. Тесттарын тапсырады ғой, вербальный тест бар, сандық тест бар сол кезде олар камераның алдында отырады. Ал енді оларды бағалайтын бақылаушылар аты-жөндерін білмейді, ең бірінші тұрған объективтілікке бағытталған осы тәсіл.

Президенттік жастар кадр резервіне үшінші іріктеудің өз жаңашылдықтары бар. Ең бастысы - мемлекеттік аппараттың кадрларға қажеттілігі ескеріліп, алты салаға басымдық беріледі:

Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты; Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау; Сыртқы саясат және инвестициялар; Экономикалық және қаржылық саясат; Цифрландыру; Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам;

Нұржан Қалшибеков, "Астана қаласы әкімінің аппараты" ММ мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас инспекторы:

- Менің жасым 29 да, екі жоғары білімім бар. Осы Президенттік жастар кадр резервіне талаптарына сай еңбек өтілім бар. Сондықтан осы жылы қатысып бағымды сынап көргім келді. Құжат тапсыру рәсімі оңай өйткені барлығы онлайн.

Бүгінде Президенттік жастар кадр резервіне алынған 350 адамның 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында қызмет етеді. Яғни, резервистердің 75%-ы лайықты жұмыспен қамтылды. Биылғы жаңа кезеңнің конкурсы желтоқсан айына дейін жалғасып, қорытынды бойынша үздік 50 кандидат Президенттік жастар кадр резервіне қабылданады.