Ақмола облысында жеке үйлердегі өрт қауіпсіздігі тексерілді

Ақмола облысында жеке үйлер жылыту маусымына толық дайын емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құтқарушылар жеке сектордағы баспаналарды тексеріп, өрт қауіпсіздігінің 3 мыңнан астам кемшілігін анықтады. Тұрғындар көбіне пештің мұржасын тазартпай, электр сымдарын қалдырады. Газ баллондарын дұрыс орнатпайды.  

Нәбира Сәрсенбаева жеке үйде 4 баласымен тұрады. Былтыр көпбалалы ананың пеші жарылып, улы газдан отбасымен бірге тұншығып қала жаздаған. Сақтықта қорлық демекші, енді ол пеш, электр құрылғыларының жағдайын үнемі бақылап отырады.

Нәбира Сәрсенбаева, қала тұрғыны:

- Құдығын тазаладық, ішінен 9 шелек күл шықты. Енді менің есіме түсіп жатыр, кезінде 10 жыл бұрын Макинск қаласында тұрғында біз угар алып, бүкіл отбасымызбен ауруханаға түскенбіз. Жолдасым, балаларым, барлығымыз бірге. 10 күннен кейін бір-ақ шықтық. Сол кезде қиын болды. Бір өлімнен аман қалдық сол кезде.

Көп жағдайда тұрғындар қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемейді, - деп отыр төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері. Сол себепті жеке үйлерде қайғылы жағдайлар жиі тіркеледі. Былтырғы жылыту маусымында облыста  14 адам өрттің құрбаны болды. Одан бөлек, бір адам улы газға уланып көз жұмса, үшеуі ауруханаға түскен.

Максим Шатковский, қалалық ТЖБ бастығы:

- Өрт қауіпсіздігі ережелеріне немқұрайлы қараудың салдары апатқа әкеліп соғады. Өкішіке қарай, бұндай қателіктерге жол бергендер өмірімен қош айтысып жатады. Өрт көбінесе жеке тұрғын үйлерде болады.

Соңғы 2 айда өрт сөндірушілер мыңнан астам үйді аралап тексеріп шықты. Сонымен қатар 700-ге жуық баспанада түтін мұржаларын тазартып, улы газды сезетін дабылдағыштар орнатты.

Манат Бегәлин, ТЖД басқарма бастығының орынбасары:

- Профилактикалық іс-шараларды біз жалғастырып келеміз. 7 мыңнан астам әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйлері бақылауға алынды. Сонымен бірге үйлерде жыл соңынан дейін 900 астам түтін және улы газ датчиктерін орнатамыз. Жалпы 3 мыңға жуық өрт қауіпсіздігі ережесінің бұзылғанын анықтадық. Тұрғындарға әрбір кемшілік бойынша ескерту жасап, жоюға кеңес бердік. 

Мамандардың айтуынша, тұрғындардың көбі ескертулер мен кеңестерге құлақ аспайды. Тек өткен жылыту маусымында жеке секторларда 330-ға жуық өрт тіркелген.

Авторлары: Аслан Әбутәліпов, Виктор Полянный.