Қонаев қаласында құрылыс қарқын алды

Қонаев қаласының келбеті күн санап өзгеріп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматы облысының орталығында бірнеше ғимарат қолданысқа берілді. Қазір салынып жатқан баспанаға сұраныс артқан. Жыл соңына дейін Қонаевта 60 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй тапсырылады.

Алмас Садуақас, тілші:

- Қалада жаңа ғимараттар бой көтеріп жатыр. Құрылыс қарқын алған. Жыл басынан бері Қонаевта 17 мың шаршы метр тұрғын үй енгізілді. Қазіргі кезде несиелік 60 пәтерлі 3 үйдің құрылысы салынып жатыр.

Жаңа үйлердің құрылысы 10-ықшамауданда жүріп жатыр. Олар ипотекалық бағдарлама арқылы беріледі. Жалпы қалада баспана кезегінде 4 мыңға жуық адам тұр. Биыл пәтер кілттерін бюджеттік сала қызметкерлері, көпбалалы жаняұлар, мүгедектер мен әлеуметтік осал топтағылар алады.

Ержан Тұрысбаев, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Биыл жоспар бойынша 48 мың шаршы метр болған. Оны қазір жеке инвесторларды бірге қосқанда жыл аяғына дейін 56 мың шаршы метр жоспарланған.

Сонымен бірге жеке инвесторлар есебінен қалада жаңа тұрғын үй кешендері салына бастады. Әр шаршы метрінің орташа бағасы 350 мың теңгеден басталады. Тұрғын үйлерден бөлек, қалаға мәдени нысандар да керек. Биыл орталық саябақта скейтпарк ашылды. Ол жерге жастар жиналып, спортпен шұғылданады. Тұрғындардың айтуынша, қала ажарланып келеді. Болашақта театр, оқу ғимараттары мен бассейн салынса деген тілектерін айтып қалды.

Ақжүніс Маханова, қала тұрғыны:

- Осы қалада 20 жылдан бері тұрамын. Алдыңғы Қапшағайға қарағанда қазір Қонаев қаласы өте жақсы өзгерді. Оң нәрселер көп. Үйлер салынып жатыр. Жолдар түзелді.

Нұргүл Орынбаева, Талғар ауданының тұрғыны:

- Талғар ауданынан келіп отырмыз. Жиі келеміз жұмыс барысымен. Келген сайын көрген өзгерісіміз ғимарат жағында болып тұр. Ғимараттар көптеп салынып жатыр. Қуантады, әрине. Барынша көркеюі керек қой. Адамдар демалатын орын көптеп салынуы керек. Балалар қауіпсіздігіне байланысты ойын алаңдры салынуы керек.

Тілеуқабыл Төребек, студент:

- Шымкенттен келіп, оқып жатырмын осы жердегі мед.колледжде. Егер де универлер соғылса, жоғары оқу орындары дұрыс болатын еді. Студенттер келеді ғой.

1 жыл ішінде Қонаевқа қызмет бабыбен көшіп келгендер есебінен қала халқының саны 10 мың адамға ұлғайды. Қазір 56 мың адам тұрады. Қала өскен сайын әкімшілік, әлеуметтік әрі мәдени нысандар керек. Биыл қаланың бас жоспары бекітілді. Келер жылы 17 ғимарат салынады. Оның ішінде облыстық сот, прокуратура, емхана мен мектептер бар.

Авторлары: Алмас Садуақас, Аманжол Жөнкешов.