Атырауда апатты үйдің тұрғындарына баспана беріледі

Биыл Атырау қаласында апатты жағдайда тұрған 3 үйдің тұрғындары баспаналы болады.

Қала билігі тозығы жеткен үйлерді бұзып, 34 отбасына пәтер беру туралы шешім қабылдады. Бұған қалалық бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінді. Бұл  қаражатқа пәтер сатып алынады. Облыста ескі ғимараттарды сүріп, тұрғындарын жаңа қонысқа көшіруге арналған  «Реновация» бағдарламасы бар. Әкімдік жобаны жүзеге асыратын жеке компаниялармен келіссөздер жүргізуге кірісті. Атырау қаласында апатты деп танылған көпқабатты 82 үй болса, ол үйлерде 1,5 мыңға жуық отбасы тұрып жатыр.

Рафхат Жолдиев, қалалық тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі:

- Ал биылғы жылы манағы айтып өткен үш үйді 34 пәтерді көшіруді жоспарлап отырмыз жыл аяғына дейін. Пәтерлер барлығы анықталып сатып алынғаннан кейін айтылатын болады. Бұл жерде қауіптілік бар, апаттылығы аса жоғары деп танылған сол үйлерден бастап көшіре бастаймыз. Келесі жылы да бұл жұмысты жалғастырамыз.