Өскеменде ерекше балаларға арналған алаң қолданысқа берілді

Өскеменде аутизмге шалдыққан балаларға арналған ойын және спорт алаңы қолданысқа берілді.

Ерекше бүлдіршіндерді "Оңалтуға және түзетуге бағытталған арнайы мектеп орталық" жанынан ашылған бұл алаңқайдың орны бөлек. Кәдімгі ойын алаңына ұқсағанымен, айырмашылығы көп. Балалардың өз бетімен спортпен шұғылдануына мүмкіндік беретін төрт түрлі жаттығу құралы, тепе-теңдік сақтауға үйрететін үш түрлі құрылғы бар. Демеушілер айрықша алаңды жарақтауға 20 миллион теңге бөлді. Қала әкімдігі жер телімін табуға көмектесті. Қазір бұл мектеп-орталықта 135 бала тәрбиеленіп жатыр. Ал облыс бойынша жалпы аутизм диагнозы қойылған  748 бала тіркелген.

Лилия Мамбурова, коррекциялық және оңалту орталығының басшысы:

- Мұндағы жабдықтар ерекше балаларға ыңғайланып жасалған. Яғни олар таза ауада ойнай жүріп дами алады. Жаттығады. Бұндай алаңды біз өте ұзақ күттік. Қала басшылығы жер бөлді. Демеушілер жабдықтап берді. Біз үшін, осындай балалар тәрбиелеп отырған отбасылар үшін зор көмек деп білемін.