Қызылоба ауылындағы көпбалалы отбасы түйе өсіреді

Түйе болғанда да - сүтті тұқымы.

Қазір үйдің үлкен-кішісі аруананы иітіп, сауудың шебері. Сөйтіп, шұбат дайындайды. Шұбатты маңайдағы ауыл елге сатып, әжептәуір пайда тауып отыр.

Бұл отбасы таңмен таласа тұрып, қызу еңбекке араласа кетеді. Фермер Тимур Серіков төрт түлікті түлетіп отыр. Соның ішінде түйе шаруашылығына ден қойған. Шаруа биыл шұбат өндірісін жандандыру үшін Маңғыстау облысынан екі нар сатып алған. Олар жергілікті қосөркешті түйелерге қарағанда сүтті 4-5 есе көп береді. Отбасы ойсылқара тұқымын жаз бойы үш мезгіл сауған.

Тимур Серіков, шаруа:

- Енді қазір күз болып қалды, шөп сарғайып кішкене. Соған байланысты біз 2 мезгілге ауыстырдық. Берекетті мал. Берекетті дейтін себебім, шөлге де, шөпке де, шүкір, жақсы. Өйткені оны көргенім, Құрық деген жерден барып алдық қой түйені. Сонда жерде ешнәрсе жоқ. Соған өмір сүріп тұр ғой енді. Біздің жер бұларға бай ғой. Келгенде, шыны керек, күйі төмендеу болды. Қазір жақсы өздері де, бота да.

Отанасы ауылдағы мәдениет үйінің меңгерушісі. Еңбекқор әйел қызметті де, шаруашылықты да қатар алып жүр. «Тірлігі малмен байланысқан біз үшін бұл кәсіп қиынға соқпады», дейді ол.

Венера Кәменова, көпбалалы ана:

- Мынау менің ашып тұрған дайын ашытқым. Енді осыған жаңа сауған сүтімді құямын. Араластырамын әбден. 2 литрге 2 литр. Ашытқысы кейде 3 литр болса да ештеңе етпейді. Холодильникке салып қоямын. Уже ертең дайын болады. Тұрып-тұрып өзі қоюлана береді. Жұмысыма ешқандай кедергі жоқ. Таңертең жұмысқа дейін сауып кетемін. Сосын жұмыстан келгеннен кейін кешкісін сауып аламын.

Ерлі-зайыпты шаруалар бес бала тәрбиелеп отыр. Тұңғыш ұлы мен қызы студент. Ал екі кенжесі әлі кішкентай. Сондықтан шаруашылықтағы жұмыстың біразы ортаншы ұлы Азаматқа артылады. Жасөспірімнің ата кәсіпке деген қызығушылығы ерекше.

Азамат Серіков, шаруаның ұлы:

- Кешке дейін мамалары жайылып келеді. Сол үшін алып қаламыз (боталарды). Боталарды идіруге көмектесемін. Кейбір кезде өзім сауамын. Жоқ, қиындығы жоқ оның.

Түйе сүтіне сұраныс артқан. Ауылдастарынан бөлек, өзге елдімекендерден де тапсырыс көп түседі. Шаруа келешекте сауын түйе санын арттыруды жоспарлап отыр. Жаңақала ауданы аграрлы өлке болғанымен 600 бас түйе бар. Әкімдік өкілдері осы шаруашылықты дамытуды көздейді.

Ерлан Қажиев, Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары:

- Үкіметтен ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен-үлкен бағдарламалар, сонымен қатар субсидиялар қарастырылып жатыр. Тоқтап кететін болсақ, «Ауыл аманаты» жобасы өз бастамасын алып жатыр. Биыл пилоттық жоба ғой. Енді келесі жылға үлкен жоспарлар қойып жатырмыз. Үміткерлерге бағыт-бағдар жасап, жұмыстанып жатырмыз.

Шұбатқа демеуқаржы төленбеуі, шуда қабылдайтын цехтың болмауы атакәсіптің одан әрі түлеуіне кедергі болып тұр. Сондықтан мал санын көбейтумен қоса, өндірістік бағытта да мемлекет тарапынан қолдау болса, дейді шаруалар.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов