Талдықорғандағы саяжай аумағына табиғи газ берілді

Талдықорғанның іргесіндегі «Үйтас» саяжай қоғамдастығы көгілдір отынға қосылды.

Елді мекенде 4 мыңнан астам халық тұрады. «Үйтасты » газдандыру жобасы 2020 жылы басталды. Бұл мақсатқа 388 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, жалпы ұзындығы 43 шақырым газ құбыры тартылды. Әзірге 40 үйге көгілдір отын кірді. Қалғандары да біртіндеп табиғи газ желісіне қосыла бастайды. Облыс орталығының іргесінде 10 шақты саяжай аумағы бар. Оның ішінде «Қаратал», «Қызылтас», «Мерекелік», «Балықты», «Сарыбұлақ», «Алмалы», «Ащыбұлақ» саяжай массивтеріне газ құбырын тарту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. «2025 жылға дейін Талдықорғандағы барлық саяжай қоғамдастығы мен «Жастар-2», «Ынтымақ» тұрғын үй алабына және Мойнақ ауылына газ  құбыры тартылатын болады», – дейді жергілікті билік өкілдері.

Әсия Шүкібасова, «Үйтас» тұрғыны:

- Қыста пеш жағу деген қиындау ғой енді. Балаларды мектепке апару керек. Қазір енді Аллаға шүкір, природный газ келді. Жақсы енді, жылы болады. Пеш бәрін орнатып, қосып, сөйтіп беріп кетті. Қалаға баруымыз 5-ақ минут. Суымыз бар, светіміз бар, енді газымыз да келді, жақсы. Таза ауа, қаладан еш айырмашылығы жоқ.