Бас прокуратура СҚО-дағы түзеу мекемелерін тексерді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің түзеу мекемелеріне жаппай бейнебақылау камералары орнатылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – жазасын өтеушілер мен қызметкерлер жасайтын құқық бұзушылықтың алдын алуға септесетін қадам. Қолға алынған шараларды қадағалау мақсатымен Бас прокуратураның өкілдері Солтүстік Қазақстан облысына барды. Олар жергілікті колониялардың қауіпсіздік деңгейін тексерді.

Тар қапас, тастай тәртіп. Бұл – қылмыс жасағандарды тезге салудың жолы. Алайда жазасын өтеушілер темір тордың ар жағында да заң бұзады. Бұл сөзімізге былтыр Солтүстік Қазақстан облысында болған оқиға дәлел. №51 қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінде сотталушылар төбелесіп, артынан бір адам көз жұмған. Енді осындай оқыс оқиғаларды болдырмау үшін колонияларға бейнебақылау жүйелері қойыла бастады.    

Петропавл қаласындағы №48 түзеу мекемесіне биыл 545 камера орнатылды. Колония ішіндегі тәртіпті прокуратура қызметкерлері онлайн бақылап отырады.

Нұрлан Рахымжанов, №48 түзеу мекемесі бастығының орынбасары:

- Мекемеде күн тәртібі болады. Сол күн тәртібін бұзу, уақытында ұйқыдан тұрмау, сотталғандардың жалпы тексеріске шықпауы, киім үлгісін бұзу деген сияқты сондай бұзушылықтар болды. Әр қызметкерде бейнетіркегіш жұмыс істейді. Барлық тәртіп бұзушылықтарды осы бейнетіркегішке түсіріп, бәрі заңды түрде жүзеге асырылады. 

Аймақтағы жазасын өтеп жатқандардың басым бөлігі жұмыспен қамтылған.  Әрі олардың өтінішін қабылдайтын арнайы электронды терминалдар қойылып жатыр. Яғни, азаптау фактілерінің алдын алып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы жол картасы әзірленді. Құзырлы орган өкілдері оның қалай жүзеге асып жатқанын тексеруге кірісті.

Олег Морозов, ҚР Бас прокуратурасының басқарма бастығы:

- Қырағы камералар – қауіпсіздік кепілі. Былтыр Айыртау ауданындағы колонияда тіркелген қылмысты ашуда бейнебақылау жүйесі тиімділігін көрсетті. Сондықтан жыл соңына дейін еліміздегі барлық түзету мекемесі осындай жүйемен жабдықталады. Оның үстіне Бас прокуратура Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, жеке құрамды оқытып жатыр. Яғни, олар сотталушылармен халықаралық талапқа сай қарым-қатынаста болуы шарт.

Солтүстік Қазақстан облысында 5 түзеу мекемесі бар. Оларда 2 мыңға жуық адам жазасын өтеп жатыр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов.