Алматылық мұғалім химия пәнін ерекше әдіспен оқытады

Алматылық мұғалім Ұлан Үсенов тың идеясының арқасында әлеуметтік желіде танымал болып отыр.

Жаңашыл ұстаз химия пәнін қызықты әрі қарапайым форматта оқытады. Әнмен сүйемелденген сабақтары ТМД бойынша миллиондаған көрерменнің ықыласына бөленген.

Химия пәнінің мұғалімі Ұлан Үсенов онлайн сабақ береді. TikTok желісінде білім беру контентін жүргізу туралы ой 2020 жылғы пандемия кезінде келген. Жеке парақша ашып, мектеп бағдарламасын жапондық аниме форматында оқыта бастаған. Ал Менделеев кестесіндегі элементтерді оқушыларға танымал әндер арқылы түсіндіреді екен.

Ұлан Үсенов, химия пәнінің мұғалімі:

- Бром элементі Андрей Губиннің «Түн» әні арқылы танымал болып, 8 миллионнан аса адам көрді. Ролик астындағы пікірде оқырмандар бромды талқылап, элементтің құрылымын еске түсірді. Оқушылар бір-бірімен жарысып, осы элемент туралы білімдерін тереңдетті. Осылайша, химияға қызығушылықтары арта түсті.

Жас ұстаз әр химиялық элемент туралы мәтінді өзі жазып, әнін орындап, жүктеп отырады. Бүгінге дейін ол 21 элемент туралы ролик түсірген, қалғандары дайындалып жатыр. Жалпы саны 118 бейнебаян жүктемек. Ұланның жаңалығын өзге мұғалімдер сабақ барысында пайдалана бастаған.

Ұлан Үсенов, химия пәнінің мұғалімі:

- Әр элементке лайықты жаңа ән табу керек. Сонда ғана оқушылар оңай есте сақтайды. Қызықты ақпарат, пайдалану мақсаты, қалай өндірілетіні сынды фактілер маңызды рөл атқарады. Өзге мемлекеттердегі мұғалімдер хабарласып, менің роликтерімді сабақта пайдаланып жүргенін де айтты.

Ұлан Үсеновтың миллионнан астам оқырманы бар. Олардың көбі – оқушылар мен мұғалімдер. Олар әр элементті минуттық ролик арқылы жылдам жаттап, бағдарламаны жеңілдетіп жатыр. Оқытушының мақсаты – өзге әріптестерін әлеуметтік желіге үйретіп, оқушылар қызығатын онлайн әлемді бағындыру.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов.