Алматылық саяхатшы Қазақстанның рекордтар кітабына кірді

Атың барда жер таны, желіп жүріп...

Алматылық Мадина Ашилова отбасымен бірге алғаш рет Жер шарын айнала саяхат жасап, Қазақстанның рекордтар кітабына кірді. Жолға шамамен 2 жылдай уақыт кеткен. 40 мың шақырымды, өз көліктерімен жүріп өткен.

Мадина Ашилованың айтуынша шетелге шыққан турист әуелі табиғаттың тосын сыйына дайын болуы тиіс. Әсіресе АҚШ-қа сапары ерекше есте қалыпты. Ол дауылдың дүлей күшін сонда көрген. Бірде күйеуі екеуі түнде келе жатып, Атлант мұхитына 50 шақырым қалғанда дауылға тап болады.

Мадина Ашилова, саяхатшы:

- Америкада жолда мүлдем тоқтауға болмайды. Тек арнайы белгіленген орындарда ғана аялдай аласыз. Ал олар әрбір 50 шақырым сайын орналасқан. Демек қаласаң да, қаламасаң да 50 шақырым жүру керек. Тоқтау қауіпті. Бір жерден қонақүйді байқап, соған бардық. Тура қорқынышты фильмдегідей. Едендері сықырлап, шамдары бір өшіп, бір жанады. Әбден зәре-құтымыз қашты.

Көпбалалы отбасының саяхатын 3 кезеңге бөлуге болады. Біріншісі былтыр жазда басталған. Ерлі-зайыптылар ойламаған жерден Америкаға сапарға аттанады. Бір ай сол елді аралап, 6,5 мың шақырым жол жүреді. Алғашында бөтен елде машинамен саяхаттау қиын көрінгенімен, кейін үйреніп кетеді. Мадина әр мемлекетті аралап, туған жері туралы мәліметпен бөлісуді бала кезден армандағанын айтады.     

Мадина Ашилова, саяхатшы:

- Жолдасым екеуміз сапарға қазақстандық шоколодтармен еліміздің туын ала шықтық. Еуропа елдерінің, Американың тұрғындарына Қазақстанның қай жерде орналасқанын көрсетіп, жан-жақты таныстырдық. Қонақжай, дархан халық екенімізді айттық.

Мадина отбасы мүшелерімен түгел машинамен саяхаттаудың өте әсерлі болғанын айтады. Әкесі рөлде капитан болса, балалар анасымен бірге картадан баратын келесі қаланы таңдап отырған. Олжас пен Мадинаның 5 баласы бар. Қазір 6-шы нәрестесін күтіп жүр. Балалардың іші пыспасын деп әдейі ойын-сауық орындары бар кемпингтерге тоқтап жүрген. Олар ұзын саны 16 мемлекетті аралап қайтқан. Егер Мадина бұрын да шетелге шықса, жолдасымен балалары бірінші рет саяхаттапты.       

Олжас Ашилов, Мадинаның жолдасы:

- Мен рөлде отырсам, қайта демалып отырамын. Романтика сияқты. Күшті болады. Өзім рөлде отырғанды жақсы көремін. Мың километр болсын, 2 мың километр болсын, одан шаршамаймын, мен жүре беремін. Германияда келе жатқанда артымыздан біреу сигнал басып, фарамен нетіп, біздің артымыздан қуып келді. Ол Павлодардан біздің көшкен неміс ұлтының азаматы екен. Бізді көріп қуанып, сол жерде сөйлесіп тұрдық.

Аруна Ашилова, Мадинаның қызы:

- Біз уақыттың қалай тез өткенін білмей қалдық. Бізге өте қатты ұнады. Біз көп күлдік. Өте қатты қызық болды. Маған Париж ұнады. Мен Эйфель мұрарасында суретке түстім. Ол жақта өте жақсы адамдар бар. Біз оларға Қазақстанды таныстырдық.

Автомобильмен саяхаттау ұшақпен ел аралағаннан мүлдем бөлек, - дейді Мадина. Көлікпен жүріп сол мемлекеттің тыныс-тіршілігімен тереңірек танысасың, жақсы-жаманын ажыратып, ой түйесің. Болашақта Ашиловтар отбасы басқа да континенттерге саяхат жасап, тұрғындарын туған елі – Қазақстанмен таныстыруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Наргиза Тәкежанова.