Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде алдыңғы қатарда

Бірлігі бекем, айрандай ұйыған отбасы – қоғамның құты.

Алайда шаңырағы ортасына түсіп, ойран болған отбасылардың саны азаймай тұр. Тіпті еліміз ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде алдыңғы 10 елдің қатарына кірген. Мамандар қалыптасқан ахуалға мемлекеттік деңгейде мән беру керек дейді. Өйткені әр шаңырақтың шайқалуымен қоғамның да іргесі әлсірей береді. 

Ынтымағы жарасқан, ырысы ұйыған жанұя болуды армандаған жанның бірі – Диана Бақытова. Алайда үміт еткен некенің ғұмыры тым қысқа болды. Тұрмыс құрғаннан кейін күйеуімнің нағыз бет-бейнесін көрдім дейді. Жарымен бір апта тұрған соң ажырасуға бел буады.

Диана Бекужанова, қала тұрғыны:

- Біз некеде бір-ақ апта болдық. Тойымыз өткен соң 6 күннен кейін ажырасуға арыз жаздық. Қатты араздасып қалдық. Мен өзімді сыйламайтын адамдарды қабылдай алмаймын.

Некелері қиылғанымен, босағасы бекімей жатып, шаңырағы шайқалып жатқан осындай отбасылар көп.

Кейінгі 10 жылда бір үдеп, бір бәсеңдеп тұрған ажырасу көрсеткішінің оңалатын түрі жоқ. Мәселен, 2013 жылы елімізде 51 305 ажырасу тіркелсе, 2022 жылы 51220 неке бұзылған. Яғни, қазіргі ахуал 10 жыл бұрынғы жағдайдан еш өзгере қоймаған. Мамандар отбасы институтының трансформациясы біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс дейді. Отбасылық құндылықтардың өзгеруіне экономикалық, әлеуметтік, мәдени факторлар әсер етіп жатыр.

Аяулым Сағынбаева, демограф:

- Біз әлемдік процестерден бөлек, қашып кете алмаймыз. Біз әлемдік демографиялық дамудың бір бөлігі ретінде біздегі болып жатқан үрдістер заңды құбылыс деп айтуға болады. Өйткені, мысалға, алып қарасақ, урбанизация деңгейін көтеріп жатырмыз. Яғни, урбанизация өткелінен өтіп жатырмыз. Ақпараттық деңгей жоғары болғандықтан, нарықтық қатынастар болғандықтан, жастардың көзқарасы әртүрлі алуан болуынан осындай өзгерістер болып отыр.

Үйлену оңай болса да, үйлесу қиын заман қазір. Мамандардың пайымынша, ажырасуға отбасын асығыс құру, жастардың жар таңдауға жеңіл қарауы себеп болып отыр. Жаһандану дәуіріндегі мәдени факторлардың да әсері аз емес.

Анаргүл Ибраимбекова, психолог:

- Қазіргі түрлі тренингтер әзірлеп жатады. Адам бірінші өзін ойлау керек, жағдайын жасап алуы керек деген сияқты ақыл-кеңестер беріп жатады. Бірақ оны жүргізетін – кәсіби емес психолог мамандар. Соның салдарынан қыз-келіншектер мен өз өмірімді өзім құрастыруым керек, өзіме керекті дүниені өзім ала аламын, осы өмірде тек рақатты көруім керек деген сияқты қағиданы өзіне сіңіріп алады. Содан кейін шешу жолы тек ажырасу деп көріп жатады.

Ажырасудың артында басқа да мәселелер жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, Қазақстандық қоғамдық даму институты 2022 жылы әлеуметтік сауалнама жүргізіп, ажырасуға себеп болатын негізгі жағдайларды анықтаған.

Айталық, респонденттердің жауабы бойынша ең негізгісі мыналар: ерлі-зайыптылардың біреуінің маскүнемдігі мен нашақорлығы (61,7%), отбасындағы зорлық-зомбылық (51,1%), көзге шөп салу (47%), құмар ойындарына салыну (38,4%).

Ажырасу бойынша дүниежүзілік статистикада Қазақстан алдыңғы қатарда. Отандық IT мамандары қоғамды алаңдатқан мәселені заманауи технологиялардың көмегімен шешуді ұсынып отыр. Айтуған Омаров – болашақ жұбайлардың мінез-құлық сәйкестігін анықтайтын қолданба авторы. Жоба еліміздегі ажырасулардың санын төмендетуі мүмкін, - дейді. 

Айтуған Омаров, стартап авторы:

- Некені бұзуға өтініш білдіргенде азаматтар ажырасудың себебі ретінде көбіне мінездің сәйкес келмеуін көрсетеді. Жобаны жасауға осы жағдай түрткі болды. Біз АҚШ пен Еуропаның белді IT мамандарын осы стартапқа тарттық. Білікті психолоргтар тобы жұмыс істеді. Қолданба болашақ жұбайларға 12 сұрақ қояды. Нәтижесінде олардың психотипі анықталады. Яғни, жұптардың мінез-құлық жағынан бір-біріне сәйкес келуі, қандай қиындықтарға душар болуы мүмкін екендіктері сараланады.

Қуандық Танабас, тілші:

- Отбасылар саны көбейген сайын елдің де көсегесі көгере береді. Алайда Қазақстанда заңды некеге тұратындардың саны азайып келеді. Жастардың арасында азаматтық некені таңдайтындар басым. Бірақ мұндай уақытша одақтан қоғам құбылып, ұлтымыз ұсақталып кетпей ме? Өйткені Отан отбасынан басталады.