Еліміздің жол саласында жүрген жас мамандар Ақтауда бас қосты

2 күндік форум аясында аға буын дәрісін тыңдап, өзара тәжірибе алмасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қызметте озық технологияларды қолдануды меңгеріп, кәсіби біліктілігін арттырады. Президент Жолдауында бірқатар өңірдің жолы сынға ұшырағаны мәлім. Мамандардың мәліметінше, биыл 9 айда республика жолдарында 7 мыңнан аса тексеру жүргізіп, бірқатар ақау анықталған.

Жолдардың жай-күйін тексеретін мемлекеттік мекемеде биыл «Жас мамандар» кеңесі құрылды. Мақсат – әр өңірде тұратын жолшы жастардың тәжірибесін арттыру. Алғашқы жиын Алматыда өтіп, кеңес құрамына 40-қа жуық жас жолшы қабылданды. Төраға сайланып, жұмыс сапасын жетілдіру тәсілдері талқыланған.

Дархан Қамалов, Астана қаласы Жас жолшылар кеңесінің төрағасы:

- Жас мамандардың сырттан емес, іштей дамуы мақсатында осындай кеңес құрып, әртүрлі мекеменің дамуы, жұмысшылардың дамуы деген сияқты әртүрлі іс-шараларды талқылаған болатынбыз. Практикалық түрде жүргіздік, одан бөлек, мекеменің дамуына деген жоспарымызды басшылыққа жіберген болатынбыз. Хаттама ретінде жолданды, қазіргі таңда қаралып жатыр.

Бейбарыс Ерғалиев, жол зертханашысы:

- Жалпы жол саласына оқытатын оқу орындары өте көп. Бірақ мектеп түлектері барғысы келмейді. Бұл өте күрделі проблема деп ойлаймын. Өзім осы салада жұмыс жасап жатқаныма бір жылдан аса уақыт болды. Осындай форумға қатысу – мен үшін үлкен тәжірибе.

Биыл республика жолдарында 7,5 мыңға жуық инспекциялық бақылау жасалып, 4 мыңнан аса ақау анықталды. Ал жергілікті маңызға ие жолдардан алынған 7 мыңдай сынама техникалық талаптарға сәйкес болмай шықты.

Әсем Қали, ҚР ИИДМ «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бөлім басшысы:

- Жақсы белсенділігімен көзге түскен мамандарды болашақта іскерлік магистрлікке оқытуға жоспарлап отырмыз. Меморандум автожол саласындағы университтермен бар. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетімен де меморандумымыз бар. Оқу бітірген студенттерді практикаға да алып, әрі қарай өзін көрсетіп жатқан студенттер қабылданып та жатыр.

Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жол құрылысы саласында 3 мыңдай бос орын бар. Әсіресе жол шебері, инженер-сметашы, зертханашы, автогрейдер жүргізушілері мен механизаторлар жетіспейді. Ал кадр тапшылығы жолдардың сапалы салынуына кері әсерін тигізіп жатыр. Мысалы, жыл басынан бері жекелеген жобаларды қайта жүргізу үшін мердігер мекемелер 1,7 млрд теңге жұмсаған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.