Қызылорда облысында 15 млн-нан астам шабақ суға жіберіледі

Қызылорда облысында су айдындарын балықтандыру жұмыстары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік тапсырыс негізінде сазан, дөңмаңдай және ақ амур шабақтары табиғи мекендеу ортасына жіберіліп жатыр. 35 инкубациялық тоғаны бар «Қамыстыбас» тұқымбағы қазан айының ортасына дейін өңірдегі өзен-көлдерге 15 миллионнан астам өскін тастауы тиіс. Балықтандырумен қатар мамандар теңіз бен дарияның экожүйесін жақсарту бойынша 15 тоннадай қоқыс шығарды. Сонымен қатар күріш алқаптарында қалып қойған шабақтарды құтқаруға да кірісіп кетті.

Ғабит Ермағанбетов, Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы:

- Бір жылдық 14 млн 800 мың, ал 2 жылдық 420 000 дана балықтың 3 түрі бар. Соның 60-70%-і кіші Арал теңізіне, 30-40%-і басқа су айдындарына жіберіледі. Оны 17 адамнан тұратын комиссия бақылау жасап тұрады.