Кеніштегі жарылыс жұмыстары Жолымбет ауылы тұрғындарының мазасын қашырды

Ақмола облысының Жолымбет кентіндегі үйлер шетінен қирап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елді мекендегі алтын кенішінде ұдайы жасалатын жарылыс салдары осыған әкелген. Үйлерін жамап-жасқаудан шаршаған тұрғындар біздің арнаға хабарласты.

Бұл үй ірі алтын кенішіне жақын орналасқан. Онда бағалы металды өндіру үшін күн сайын жерасты және жерүсті жарылыстары жасалып тұрады. Үрейден әбден шаршаған тұрғындар баспанасын тастап кетіп жатыр. Дер кезінде екен. Бәлкім балалардың періштесі де қаққан болар.

Жанар Садбекова, Жолымбет ауылының тұрғыны:

- Біз көшіп келген күні-ақ төбе құлады. Екінші, үшінші күндері де үй іргесі сөгіле берді. Жарылыстың салдарын көріп отырмыз.

Бұл бір ғана мысал емес. Кеніш айналасындағы әрбір үйдің жайы осындай. Дүмпуді кейде көрші көше тұрғындары да сезінеді екен. 

Абай Бегалинов, Жолымбет ауылының тұрғыны:

- Құдды майдан даласында тұрып жатқандаймыз. Жарылыс, оның соңы – осы. Бесінші кенішті қазғанда үйімнің шатырын тас басып қалды. Біздің шағымымызды ешкім ескеріп жатқан жоқ.

Ауылда жартылай бүлінген үйлер де бар. Оларды кеніште жұмыс істейтін компания сатып алған. Алайда Байтұрсынов пен Наурызбай батыр ауылдары назарсыз қалыпты.

Еркін Әуезханов, Жолымбет ауылының әкімі:

- Иә, жарылыстар болып тұрады. Ауыр жүк көліктері жүреді, айнала шаң. Осының бәрі жақын маңдағы үйлердің тұрғындарына қолайсыздық тудырады. Біз компания басшыларына ескерттік, хат жолдадық. Олар бәрін жақсы біледі. Экология бөліміне де хат жаздық. Біз бұл мәселені бақылауда ұстаймыз.

Алтын өндірушілер тұрғындарға кедергі жасайтынын мойындамай отыр. Олар өздері жасаған сараптама нәтижесін алға тартады.

Гаухар Әбеуова, «Алтыналмас» АҚ ресми өкілі:

- Ауылдың бірнеше жеріне арнайы құрылғы қойып, кеніш жұмысының әсерін бақыладық. Шу жағынан да, сейсмика жағынан да нормадан асыру жағдайы тіркелмеді. 

Иә, әдетте экологиялық аудит нәтижесі көпшілікке көрсетіле бермейді. Мамандар да тәуелсіз сарапшыларды жалдауға тырысады. Дегенмен сараптама нәтижесі шындыққа жанаспауы мүмкін, - дейді экологтар. 

Дмитрий Калмыков, эколог:

- Өкінішке қарай, заңнаманың өзі бастапқы ақпаратқа оңай қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Экологиялық бақылау нәтижелері ешқайда жарияланбайды. Ал оны бақылайтын ұйымдарды кәсіпорынның өзі жалдайды. Мұны объективті және тәуелсіз нәтиже деп атай алмайсыз.

Кеніш пен тұрғын үй арасындағы қашықтықты Денсаулық сақтау министрлігі белгілейді. Санитарлық-қорғаныс аймағын орнататындар да осылар. Ал жарылыс жұмыстарына рұқсатты ТЖМ жанындағы Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті береді. Қоршаған ортаны қорғау – Экология министрлігінің міндеті. Қысқасын айтқанда, мәселені жеткізу үшін тұрғындар барлық тарапқа жүгінуі қажет.

Юлия Кучинская, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл мәселеден біз де хабардармыз. Мемлекеттік органдардың өзі нақты неге жауапты екенін білмейді. Себебі тараптар өте көп. Экологиялық сараптамада да мәселе бар. Мен жергілікті мемлекеттік органдардан ұзақмерзімді перспективада егіс алқаптарының қалай өзгергенін, адамдардың денсаулығы қалай екенін сұраттым. Ешкім де нақты жағдайды көрсете алмайды. Су көздеріне, топыраққа, адам өміріне, денсаулығына қалай әсер етіп жатқанын нақты зерттеу жүргізсек қана білеміз. Тиімді және жедел шаралар осындай  кешенді зерттеуден кейін ғана қабылданады. 

Депутат сынаманы санитарлық-қорғау аймағынан тыс жерлерден алуды ұсынды. Ал бейінді министрлік экологиялық аудит бойынша түзетулер әзірлеуге кірісті.

Жомарт Әлиев, ҚР Экология министрлігі Экологиялық реттеу комитетінің төрағасы:

- Кәсіпорын өзіне жүктелген барлық міндеттемеге талдау жүргізеді. Сосын біздің уәкілетті органның бақылау-инспекциялық қызметі де ескерілетін болады. Оның бәрін салыстыра келе, біз кәсіпорынның қолданыстағы экологиялық заңнаманы қаншалықты сақтап отырғанын байқап, тиісті шешім қабылдаймыз.

Экологиялық аудит ережесі келесі жылдың соңына дейін әзірленеді. Ал кеніш маңында тұратын тұрғындардың мәселесі әлі де өзекті.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Гүлнәр Ерманова.