Маңғыстау облысында 7 ауыл интернеттің игілігін көріп отыр

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында 7 ауылдық округ тұрғындары интернеттің иглігін көріп отыр.

Елді мекендерде 26 мыңға жуық абонент бар. Аудан халқын 7 компания байланыспен қамтамасыз етеді. Тұрғындар онлайн көрсетілетін мемлекеттік қызметті өз үйінде, мектеп немесе әкімдік ғимаратына барып алады. Жоғары жылдамдықты интернеттің оқушыларға да пайдасы мол.

Феруза Әбенова – Атамекен ауылының тұрғыны. Халыққа қызмет көрсету орталығы үйден қашық дейді. Қажет болған жағдайда мектепке келіп, «Өзіне-өзі қызмет көрсету» секторына жүгінеді. Өзіне қажет анықтаманы бастапқыда маман көмегімен алып жүріпті. Бүгінде Egov порталын өз бетінше қолданады. 

Феруза Әбенова, ауыл тұрғыны:

- Анықтама алуға келдім. Наркологияда жоқ деген және жаңағы сотталмаған дегені керек болды. Балаларыма балабақшадан осы құжаттарды сұратты. Үйде интернет бар, бірақ флешка оқымай тұр. 3 секунд болған жоқ шығар, бірден анықтаманы алдым. Қазір үйге барып, құжаттарды тапсыра беремін ешқандай қиындықсыз.

Абзал Тастанов, ауылдық округ әкімінің орынбасары:

- Халыққа қызмет көрсету орталығы аудан орталығында ғой, Маңғыстау ауылында. Ал тұрғындарға ол жаққа барып-келуге қаншама уақыты кетеді. Атамекен ауылы бойынша 4 қызмет көрсету секторы бар. Келген тұрғын көбінесе атаулы әлеуметтік көмекке қызмет алады және жердің нысаналы мақсатын өзгертуге келеді.

Мұнайлы ауданы 2007 жылы құрылды. Қазір 160 мыңдай халық тұрады. Ақтауға жақын орналасқан ірі елді мекенді ғаламтормен жабдықтау 2010 жылы басталыпты. Әлемдік пандемия кезінде онлайн байланыс қызметіне сұраныс күрт артуымен интернет сапасы жақсарған. 

Нұрхан Мұстафаев, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары:

- 100% интернет желісімен ауданымыз қамтылған қазіргі таңда. Жалпы халықтың ризашылығы жақсы. Интернет желісіне бізде мемлекеттен қаражат бөлінген жоқ. Қызмет көрсетуші мекемелер тарапынан толықтай талшықты-оптика желілері жүргізіліп, қазір сол бойынша қызмет көрсетіп жатыр. Жалпы аудан бойынша мәселе жоқ.

7 ауылдық округ әкімдіктерінің қызметкерлері әлеуметтік желіде белсенді. Тұрғындарға кез келген хабарландыру онлайн түрде жарияланады. Халықтан коммуналдық салаға, қоғамдық көліктер мен жолдардың күтіміне қатысты фотодәлелімен түскен шағым жауапты мекемелерге жолданады. Мәселе шешілген соң арызданған азаматқа жауап беріледі.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Ренат Досалиев.