«Хабар 24» арнасының тілшісі Ардақ Асылханұлы өмірден озды

Қарағандыдан қаралы хабар. Бүгін «Хабар 24» арнасының өңірдегі тілшілер қосының жетекшісі Ардақ Асылханұлы өмірден озды.

Абзал азамат журналистика саласында 20 жылдан аса уақыт қызмет етті. Осы аралықта жергілікті жұрттың толғақты түйіткілін базыналап, талай мәселенің оң шешілуіне мұрындық болды. Марқұмнан қалған есті естеліктерді бірге тыңдайық.

Ардақ Қабыханов... Сөзге сақ, уәдеге берік, досқа адал еді. Марқұмның тілшілік қызметі негізінен жол бойында өтті. Сапарлатып ауыл-аймаққа көп баратын. Алыстағы ағайын да оны жиі іздейді, күтеді. Себебі елді мекендердегі жол, су, жарыққа қатысты талай түйіткілдің шешілуіне дәл осы Ардақ Асылханұлы ықпал етті.

Марқұм еңбек жолын газеттен бастап, кейін телеарнаға ауысты. 2008 жылдан бері «Хабар» агенттігінде істеді. Әріптестері кәсібилігін жоғары бағалайды. Ұжым есінде қиындықтан қашпайтын қызметке адал тұлға ретінде қалды. Марқұм бақиға аттанбас бұрын кеншілердің зейнет жасы жайлы бейнематериал әзірлеп жатқан еді.

Бағдат Әбдіқожаева, «Хабар» арнасының шығарушы редакторы:

- Қарағанды облысындағы халық жиі іздейтін. Тіпті біздің Астанадағы редакцияның телефонына қоңырау шалғанда да бірінші Ардақты сұрайтын. Адалдық бар еді. Қолын бір сілтей салу деген жоқ еді. Қаңтар оқиғасы кезінде байланыс болған жоқ. Бірде бар, бірде жоқ. Арасында ғана байланыс болғанда Ардақ қана үнемі аңдып отырып, түн болсын, күн болсын, бізде жағдай былай болып жатыр, орталық алаңды шолып келдім деп, сонда біз талап етпесек те, өзінің көлігімен барып, әлі күнге дейін есімде түңгі сағат 3-те телефонмен ақпарат берді.

Ардақ Асылханұлы жастарға үлгі бола білді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында қазақ телевизиясында аты қалды. 45 жасқа енді толған еді. Аман нешік?

Арыстанбек Кенже, «Хабар» Агенттігі» АҚ Атырау облысындағы меншікті тілшісі:

- Азаматтық болмысы биік. Үлкенге ілтипаты бөлек, кішіге қамқорлығы бар жан еді ғой. Қыршыннан қиылғаны болмаса, соңғы 15-20 жыл ішінде әріптес, үзеңгілес қызмет атқарды. Ғұмыры қысқа болды.

Иә, көңіл қимағанымен, ажал Ардақты арамыздан алып кетті. Жақсының өзі жер бесікке түскенімен, соңында өшпес өнегесі қалды. Дархан көңілді, жайдары мінезді азаматтың қазасы қабырғаны қайыстырады. Хабар агеттігінің ұжымы марқұмның жақындарына қайғыра көңіл айтады.

Авторы: Бекзат Аманов.