Балқаш мектептерінде интернет баяу

Балқаш қаласының білім бөлімі инновациялық мектептердегі интернет жылдамдығын арттыруды сұрап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір беріліп тұрған секундына 100 мегабит мыңнан астам оқушысы бар білім ошақтарына аздық етеді, - дейді мамандар. Сонымен қатар қызмет көрсететін компанияларды анықтау кезінде де қиындықтар туындап отыр.

Балқаш қаласындағы Әлихан Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицейін жабдықтау үшін биыл «Қазақстан халқына» қоры 250 миллион теңге бөліп, оған заманауи компьютерлер, түрлі интерактивті тақталар сатып алды. Бұған қоса оптикалық талшықты интернет желісі тартылды. Алайда ғаламтордың тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін қызмет көрсетуші компанияларды анықтау кезінде қиындықтар туындады. Мысалы, биылғы тендерді мыңдаған шақырым қашықта жатқан Қызылорда облысының компаниясы жеңіп алды.

Айгүл Төкебекова, Ә.Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицейінің директоры:

- Арақашықтық бізге өте көп қиындықтар туғызып жатады. Шұғыл жөндеу жұмыстарын жүргізу керек болса немесе басқадай проблемалар туындаған кезде сол жаңағы интернет бөлуші кәсіпкерлермен біз тез арада байланыс орната алмай қаламыз. Осы бағытта, әрине, проблемалар бар. Бізге өз күшімізбен жұмыс жасауға тура келіп жатады.  

Қазір Балқаш қаласында 17 мектеп бар. Соның 14-не жергілікті интернет провайдерлер қызмет көрсетсе, қалған 3 мектеп Қызылорда, Алматы және Қарағанды компанияларына қарайды. Бұған тоқтау салу үшін тиісті заңға өзгеріс енгізу керек, - дейді ұстаздар. Қазір шаһардағы білім ошақтарының барлығына бірдей интернет секундына 100 мегабит жылдамдықпен беріліп отыр. Бірақ бұл үлкен мектептер үшін жеткіліксіз. Ал мұндай инновациялық мектептер саны қазір 4-еу.   

Жайнагүл Мұхамеджанова, Балқаш қаласы білім бөлімінің әдіскері:

- Мектеп оқушыларының санына байланысты интернет жылдамдығын арттыруға ұсыныс берілді. Яғни, үлкен мектептер бар ғой бізде, 1000 оқушыдан асатын, 1500 оқушыға дейін баратын мектептер бар, мысалы, жаңағы инновациялық мектептер. Сол мектептерде интернет жылдамдығын жоғарылату үшін ұсыныс жоба берілді. Ол мектептерге біз 250 мегабит секундқа дейін жылдамдықпен жұмыс жасайтын интернет сұрап отырмыз. 

Балқаш қаласындағы оқушылар саны бүгінде 13 мыңға жуықтаған. Ал компьютерлер саны – 3078. Яғни, әр 3 оқушыға біреуден келеді. Бұл белгіленген талаптан жоғары.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.