Өскемендегі интернет сын көтермейді

Шығыс Қазақстан облысында интернетсіз отырған ауыл көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

363 елді мекеннің жартысынан астамы ғаламторға қосыла алмай отыр. Шалғайдағы ауыл аймақты былай қойғанда Өскеменнің іргесінде бұл проблема өзекті. Мысалы, 25-ші ықшам ауданының тұрғындары өркениеттен құр қалдық деп ашынады. Себебі интернетке қосылу үшін олар тасжолды жағалап, желі іздейді. Ұялы байланыс атымен жоқ.

Эмир Хабиев 5-сыныпта оқиды. Интернеттің жоқтығына қынжылады. Қосымша ақпарат іздеуге, тіпті сыныптастарымен хабар алмасуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан ұялы телефонын көтеріп, желі байланысын іздеп далаға жиі шығады. Тіпті ол онлайн өтетін балалар конкурстарына да қатыса алмай жүр.

Эмир Хабиев, оқушы:

- Күнде далаға шығып, желі іздеймін, ұстамайды, «х» боп тұрады күнде. Көп конкурстар болды, интернеттен мен оған қатыса алмаймын.

Бұл келеңсіздік осындағы үлкенге де, кішіге де оңай тиіп тұрған жоқ.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Өскеменнің іргесіндегі бұл аудан игіліктен жұрдай. Мінеки, ғаламтиор қажет болса, осылай мен сияқты трасса жағалап кетеді бұл жердегі жұрт. Дәл қазір мен ұлымның сабақтан келді ме білейін деп хабарласып көріп едім, міне, ешқандай байланыс жоқ, видеобайланысқа да шыға алмадым.

Қарттарға тіпті қиын, - дейді Хаби Хасенов. Қан қысымы жиі мазалайтын қария жедел жәрдем шақырта алмай әбігерге түседі. Қоңырау соғу үшін жол бойындағы дәмханаға баруға тура мәжбүр.

Хаби Хасенов, қала тұрғыны:

- Бірден шақырта алмаймыз, қалай етсең де, интернет жоқ, байланыс жоқ, кафенің алдына барамыз, содан звондап барып, жедел жәрдем шақыртып, балалар алып келеді.

Наразы жұрт бұл мәселені жыл сайын көтеріп келеміз дейді. Алайда 25-ықшам ауданның салынғанына 30 жыл өтсе де түк өзгермеген. Ал салалық мамандар операторларға әміріміз жүрмейді деп отыр.

Ілияс Әбдірахманов, цифрландыру және мұрағаттар  басқармасы басшысының орынбасары:

- Жалғыз 25-ықшам аудан ғана емес, барлық интернет дұрыс ұстамайтын жерлер операторларға берілген, олар өздерінің техникалық қаржылық мүмкіндіктерін қарап, шешім қабылдау керек, себебі нарықтық операторларға біз ықпал ете алмаймыз.

Мамандар әлі де операторлармен кездесіп, мәселені талқылаймыз дейді. Әзірге тұрғындар мемлекеттік портал арқылы байланыс сапасына орай арыз түсіру керек деген кеңес берді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.